Француздармен бірлескен фильмдер түсіріледі

Қазақстан мен Франция мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Бұл мәселе Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиогемен кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Кездесу барысында тараптар бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру, көрмелер мен театр гастрольдерін ұйымдастыру, сондай-ақ кәсіби тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырды.

Әсіресе музей ісі мен кинематография саласындағы әріптестікке басымдық берілді. Атап айтқанда, бірлескен фильмдер түсіру, француз туындыларын қазақ тіліне, ал қазақстандық фильмдерді француз тіліне дубляждау мүмкіндіктері сөз болды.

Сонымен қатар Франция елшісі Қазақстанның Мәдени мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянсқа (ALIPH) қосылуына мүдделілік танытты. Өз кезегінде Арман Қырықбаев бұл бастаманы жан-жақты зерделеудің маңызын атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға және екіжақты әріптестікті нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика