Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы XX жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Шара барысында спорттық жүрістен марафон қашықтығында өнер көрсеткен Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Спортшы қуанышын әлеуметтік желіде бөлісіп, алғысын жеткізді.
Сезімімді жеткізуге сөзім де, эмоциям да жетпейді. Өз елім мен федерациямның осындай құрметіне ие болғаныма шексіз қуаныштымын! Бүгінгі күнге себепкер болған барша жанға рақмет. Бұл марапат маған алға ұмтылып, дами түсуге күш береді! – деді Ясмина Тоқсанбаева.
Айта кетейік, Айчи-Нагояда өткен Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафон қашықтығын 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жеткен еді. Алайда кейін оның жарыстағы нәтижесі жойылды. Бұған спортшы пайдаланған аяқ киімнің бекітілген талаптарға сәйкес келмеуі себеп болған.
