Абай облысында заңсыз алтын өндірген қылмыстық топ ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Жарма ауданында алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метрлік карьер анықталды.

Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген. Құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайып отырған.

Заңсыз қазып алынған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Сондай-ақ 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.

Жедел іздестіру шаралары барысында бұл іске қатысы бар тоғыз адам анықталды.

Заңсыз кен өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді.

Тергеу жалғасып жатыр.
Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика