Астанада медициналық мекемелердің бірінде қоғамдық орында былапыт сөз айтқан 56 жастағы әйелге айыппұл салынды. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Threads әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг барысында клиникалардың бірінде әйел адамның қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтып, айналасындағылардың мазасын алғаны түсірілген бейнежазба анықталған.Оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп, әйелдің жеке басы анықталды. Ол елорда тұрғыны, 56 жастағы Е.Е. болып шыққан.
Осы дерекпен оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен әйелге әкімшілік жаза ретінде айыппұл салынды.
Полиция департаменті тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және қоғамда қалыптасқан әдеп нормаларын бұзатын әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
