Астанада баласының дүниеге келуін атап өтпек болған 35 жастағы тұрғынның мерекелік шарасы әкімшілік жауапкершілікпен аяқталды, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Мерекелік шара неге құқық бұзушылыққа айналды?
Полицияның мәліметінше, 35 жастағы елорда тұрғыны баласының дүниеге келуіне орай үйлердің арасындағы аумақта отшашу атқан. Пиротехникалық бұйымдардан шыққан қатты дыбыстар жақын маңдағы тұрғындардың мазасын алған.
Аталған факті бойынша оған қатысты ұсақ бұзақылық және тыныштықты бұзу деректері бойынша әкімшілік шара қабылданған. Сот ер адамды бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарған.
Қазақстанда тыныштық қай уақыттан бастап қорғалады?
Қазақстан заңнамасында азаматтардың түнгі тыныштығын қорғауға ерекше мән берілген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабына сәйкес, тұрғындардың қалыпты демалысына кедергі келтіретін шуға шектеу қойылған.
Атап айтқанда, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштық сақталуы қажет.
Отшашу атқандарға қандай айыппұл салынады?
Пиротехникалық бұйымдарды қолдану тәртібі де ӘҚБтК-нің 436-бабында реттелген. Заңда елді мекендерде және бұл үшін арнайы бөлінбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Мұндай әрекет үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу және пиротехникалық бұйымдарды тәркілеу қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанса, жаза күшейтіледі.
Ал егер азаматтың әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік сипатында болса, ол ұсақ бұзақылық ретінде де саралануы мүмкін.
