Қазақтың қара баласы мұхит асып, әлемдік медианың мінберінен көрініп жүр. Осы орайда АҚШ-тың алпауыт ABC 7 телеарнасында басшылық қызмет атқаратын Талғат Алмановпен сөз бостандығы, редакциялық тәуелсіздік пен демократия, қос мемлекет медиасының бүгінгі тынысын бірге саралап көрдік.
– Талғат мырза, ең алдымен, бізге сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін рахмет! Алпауыт елдің белді телеарнасында, оның өзінде, басшылық лауазымға ие болу – отандық журналистика үшін үлкен мақтаныш. Бұл елдің бәсекелестік ортасына сіңісу үшін қандай кәсіби қасиеттер мен ішкі ұстанымдар көмектесті?
– Шынымды айтсам, АҚШ-тағы алғашқы жылдарым оңай болған жоқ. Тілі мен мәдениеті мүлде бөлек елге бейімделу оңайға соқпады. Алғашында өзіме деген сенімім жоғары болды. Журналистиканы жақсы меңгергенмін деп ойладым. Алайда Нью-Йорк университетіне оқуға түскеннен кейін бұл саланың қаншалықты бәсекелі екенін терең түсіндім.
Университетті тәмамдаған соң да жұмыс табу оңай болмады. Көптеген сұхбаттан өттім, бірақ бірден жұмысқа орналаса алмадым. Кейін Дакота штаттарының біріндегі шағын қалада продюсер әрі журналист ретінде алғашқы еңбек жолымды бастадым. Сол кезеңде өзімді жан-жақты дамытуға күш салдым. Әсіресе ағылшын тілінде сауатты жазу мен еркін сөйлеу дағдыларымды жетілдіруге басымдық бердім.

Бүгінде ABC 7 телеарнасындағы Executive Reporter, яғни жаңалықтар бөлімінің басшысы қызметіне де арнайы іріктеу мен бірнеше кезеңнен тұратын сұхбаттан өтіп орналастым. АҚШ-та жұмысқа қабылдау барысында үміткердің ауызша сұхбатымен қатар, жазбаша тапсырмалары да бағаланады. Сондықтан сауатты жазу қабілеті аса маңызды. Жалпы, Америка медианарығында адамның қай елден келгеніне емес, кәсіби біліктілігі мен нақты нәтижесіне басымдық беріледі. Өз қабілетіңді дәлелдеп, еңбегіңмен көзге түссең, алдыңнан талай мүмкіндік ашылады.
– Көбіміз үшін Америка – Голливуд фильмдеріндегідей мінсіз ел болып көрінеді. Сіз бірнеше штатта жұмыс істеп, ішкі «асханасын» көрдіңіз. Сырт көз қызықтыратын Американың шынайы өмірі қандай?
– АҚШ – мүмкіндіктер елі, бірақ мінсіз қоғам емес. Мұндағы өмір салты мен құндылықтарды бірден түсіну қиын. Ұзақ уақыт өмір сүргенде ғана оның ерекшеліктерін тереңірек сезінесің. Қоғам қатты поляризацияланған. Әлеуметтік теңсіздік те айқын байқалады. Нәсілшілдік те бар. Айта берсеңіз, көп. Сонымен қатар өмір сүру қымбат. Баспана, медициналық сақтандыру, бала тәрбиесі сияқты шығындар өте жоғары.
Иммигранттар үшін де оңай деп айта алмас едім. Тілдік кедергі, құжат мәселелері, жаңа ортаға бейімделу және бұрынғы кәсіби тәжірибеңнің ескерілмеуі сияқты қиындықтар бар. Бірақ Американың басты артықшылығы, адамға өзін қайта көрсетіп көруге мүмкіндік беру бар. Бұл – өте маңызды. Яғни кез келген таптағы адамдардың әділет жолында ары қарай дамуына, өзін адам сезінуге жол ашық. Тек табандылық танытып, еңбектенсең, кәсіби тұрғыдан өсуге есік әрдайым ашыла береді. Сондықтан Американы Голливуд фильмдеріндегі мінсіз ел ретінде емес, мүмкіндіктері де, проблемалары да бар шынайы қоғам ретінде қабылдау керек.
– Америкалық медиа мен Қазақстан медиасының арасындағы ең үлкен концептуалды айырмашылық неде?
– Меніңше, екі ел журналистикасының басты айырмашылығы, редакциялық тәуелсіздік пен журналистиканың қоғамдағы рөлінде деп санаймын. АҚШ-та журналистика билікке қоғамдық бақылау жүргізетін маңызды құралдардың бірі саналады. Журналист мемлекеттік органдардың, саясаткерлер мен ықпалды тұлғалардың әрекетін зерттеп, олардың алдында ашық әрі өткір сұрақтар қоя алады. Әрине, мұнда да саяси және коммерциялық қысымдар жоқ емес. Дегенмен кәсіби редакциялар өз тәуелсіздігін сақтауға барынша ұмтылады.
Тағы бір маңызды ерекшелік, журналистік стандарттардың қатаң сақталуы бар. Ақпаратты мұқият тексеру, бірнеше дереккөзге сүйену, оқиғаға қатысы бар екінші тараптың пікірін алу, қателік жіберілсе, оны ашық түзету және кәсіби этиканы сақтау – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Яғни журналист үшін ең бастысы, біреудің мүддесін қорғау емес, қоғамға тексерілген әрі шынайы ақпарат жеткізу.
– Батыс әлемі сөз бостандығының эталоны саналады біз үшін. АҚШ медиасында мүлдем шектеу жоқ па, әлде ол жақта да заңдық, корпоративтік немесе этикалық сызықтар бар ма? Өз тәжірибеңізде сөз бостандығының шынайы күшін сезіне алып жүрсіз бе?
– АҚШ-та сөз және баспасөз бостандығы Конституцияның Бірінші түзетуімен қорғалады. Бұл – журналистік тәуелсіздіктің негізгі құқықтық кепілдіктерінің бірі. Мен үшін оның ең маңызды көрінісі, журналистің билікті сынай алуы, мемлекеттік органдардың әрекетін зерттеуі және қоғам үшін маңызды сұрақтарды еркін көтеруі дер едім.
Бірақ сөз бостандығы жауапкершіліксіздік дегенді білдірмейді. Еркіндік бар жерде жауапкершілік те болуға тиіс. Мұнда да заңдық, корпоративтік және этикалық талаптар бар. Ақпаратты тексеру, адамның жеке өміріне құрметпен қарау, жала жаппау, дереккөздерді қорғау және редакциялық стандарттарды сақтау маңызды.
– Бізде жиі айтылатын «Америкада демократия дамыған, сондықтан медиа еркін» деген тұжырым бар ғой. АҚШ-тағы БАҚ шын мәнінде билік пен саяси күштерден тәуелсіз бе, әлде олар да белгілі бір саяси элитаның немесе коммерциялық мүдделердің ықпалында ма? Яғни америкалық көрермен өз еліндегі демократия мен БАҚ-қа қаншалықты сенеді?
– Мұндағы барлық медианы толықтай тәуелсіз деп айту дұрыс болмас. Медиакомпаниялардың меншік иелері, коммерциялық мүдделері, жарнама берушілері бар. Кейбір ақпарат құралдарының саяси бағыты да айқын байқалады. Дегенмен, АҚШ-та, әлгінде айтқанымдай, журналистік тәуелсіздікті қорғайтын құқықтық негіз бар. Бұл – маңызды айырмашылық. Әрине, саяси және экономикалық қысымдар кездеседі. Бірақ журналистің міндеті – белгілі бір партияның немесе биліктің мүддесін қорғау емес, фактілерді анықтап, қоғамға шынайы ақпарат жеткізу болмақ.
Сол үшін көрермендердің БАҚ-қа сенімі де әртүрлі. Жергілікті журналистикаға деген сенім кей жағдайда ұлттық деңгейдегі саяси медиадан жоғары болуы мүмкін. Өйткені жергілікті редакциялар адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді көтереді.
– Америкадағы саяси додалар мен сайлау кезеңдерінен кейін ел ішіндегі саяси атмосфера қалай құбылады? Күні кешегі демократтардың жеңісін немесе билік ауысуын америкалық қоғам қалай қабылдады және журналист ретінде Буффало мен Нью-Йорк көшелерінен қарапайым халықтың қандай көңіл-күйін байқадыңыз?
– АҚШ халқы негізінен екі саяси лагерьге бөлінген. Биылғы аралық сайлау да осы саяси жіктелістің айқын көрінісі болды. 2026 жылғы аралық сайлау елдегі саяси күштердің арақатынасына ықпал ететін маңызды саяси оқиғаға айналды. Айта кету керек, аралық сайлау президентті ауыстырмайды, керісінше, Конгрестегі басымдыққа ие саяси күшті айқындайды.
Дауыс берушілердің күнделікті өмірге қатысты мәселелерге көзқарасы әртүрлі болғанымен, қоғамды толғандыратын негізгі тақырыптар ортақ. Меніңше, америкалықтарды ең алдымен экономика, азық-түлік бағасы, иммиграция, денсаулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері алаңдатады.
Америкалық саясатта кеңінен қолданылатын «It’s the economy, stupid» деген тіркес бар. Оның астарында кез келген саяси мәселенің түптеп келгенде экономикаға келіп тірелетіні туралы ой жатыр. Шын мәнінде, қарапайым азамат үшін ең маңыздысы, қалтасындағы қаражаты, күнделікті тұрмыс-тіршілігі. Адамдар азық-түлік сатып ала аламын ба, көлігіме жанармай құюға қаражатым жете ме, отбасымның жағдайын жақсарта аламын ба деген сұрақтарға жауап іздейді. Сондықтан экономикалық ахуал мен бағаның өсуі сайлаушылардың саяси таңдауына тікелей әсер етеді. Жалпы, америкалық сайлаушылардың басым бөлігі екі негізгі саяси бағыттың, оңшылдар мен солшылдардың, республикашылдар мен демократтардың, консерваторлар мен либералдардың жақтастарына бөлінген. Алайда биылғы аралық сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі, қалыптасқан саяси элитаға деген сенімнің әлсіреуі және жаңа саяси тұлғаларға деген сұраныстың артуы деп ойлаймын. Әсіресе жастар арасында бұрыннан танымал саяси қайраткерлерден гөрі жаңа көзқарас ұсынатын, қалыптасқан жүйеге балама бола алатын кандидаттарға қолдау білдіру үрдісі байқалды.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, халықаралық қақтығыстар, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай қоғамда түрлі пікірталас туғызды. Екіншіден, Дональд Трамп әкімшілігінің иммиграциялық саясатына қатысты шешімдерге наразылық білдірушілер көбейді. Сонымен қатар ірі корпорациялардың ықпалы, мұнай мен жанармай бағасының өсуі, азық-түлік құнының қымбаттауы да халықтың көңіл күйіне әсер етті. Бұған қоса, сайлауалды науқан кезінде берілген уәделер мен билікке келгеннен кейінгі нақты шешімдердің арасындағы алшақтық та сайлаушылардың сеніміне нұқсан келтірді.
Осындай жағдайда қоғамның бір бөлігі қалыптасқан саяси жүйемен байланысы әлсіз, ірі лоббистік топтардың қолдауына тәуелді емес, жаңа буын өкілдеріне басымдық бере бастады. Мысалы, Эль-Саид секілді жаңа саяси тұлғалардың алға шығуын осы үрдістің бір көрінісі ретінде бағалауға болады. Яғни сайлаушылардың бір бөлігі үшін кандидаттың бұрынғы саяси мәртебесінен гөрі оның ұстанымы, халық мүддесін қаншалықты қорғай алары маңызды бола түсті.
Ал америкалықтардың сайлауға қатысу белсенділігіне келсек, бұл жолы халықтың саяси үдеріске қызығушылығы жоғары болғанын байқауға болады. Аралық сайлауда дауыс беруге келген азаматтар санының артуы – қоғамдағы саяси поляризацияның ғана емес, азаматтардың өз дауысының маңызын терең түсіне бастауының да белгісі. Көпшілік елдегі жағдайды өзгертудің бір жолы – сайлауға қатысу екенін жақсы түсінеді. «Өзгеріс болғанын қаласақ, ең алдымен өзіміз дауыс беруіміз керек» деген ұстаным сайлаушылардың белсенділігін арттырды деп ойлаймын. Сонымен қатар қазіргі Трамп әкімшілігінің саясатына көңілі толмайтын азаматтардың да аз емес екенін атап өткен жөн. Олардың наразылығы сайлау нәтижесіне ықпал етіп, демократтардың Конгрестегі позициясын нығайтуына мүмкіндік берді.
Алдағы екі жылда АҚШ саясатында қандай өзгерістер боларын уақыт көрсетеді. Дегенмен қазіргі саяси ахуал Дональд Трамп үшін оңай болмайтыны анық. Егер Конгресте демократтар басымдыққа ие болса, президент әкімшілігінің бірқатар бастамаларын жүзеге асыруы қиындай түсуі мүмкін. Өйткені Конгрестің заң шығару, бюджетті бекіту және әкімшілік қызметіне бақылау жасау сияқты маңызды өкілеттіктері бар. Сонымен бірге президенттің вето құқығы да сақталады. Сондықтан алдағы кезеңде Ақ үй мен Конгресс арасындағы саяси тартыстың күшеюі әбден мүмкін.
– Қазіргі Америкадағы үлкен мәселелердің бірі — қоғамның Демократтар мен Республикашылдар болып қатты бөлінуі, иә. Бұл бөліну сіз жұмыс істейтін арнаның аудиториясына қалай әсер етуі мүмкін?
– Бағана айтқанымдай, АҚШ-тағы саяси поляризация – бүгінгі медиадағы үлкен мәселенің бірі. Бір оқиғаны екі түрлі саяси көзқарастағы адам мүлдем басқаша қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайда журналистік бейтараптылықты сақтау оңай емес. Бірақ бейтараптық дегеніміз екі тарапқа міндетті түрде бірдей уақыт беру емес. Ең бастысы, фактілерді бұрмаламау және әр тараптың пікірін әділ көрсету деп ойлаймын. Егер бір тараптың мәлімдемесі дәлелсіз болса, оны екінші тараптың пікірімен теңестіру дұрыс емес. Журналист екі жақты да тыңдауы керек, бірақ шындықты фактілер арқылы анықтауға тиіс. Мен үшін журналистік стандарттар мен этика – келісуге болмайтын негізгі қағидалар. Жеке саяси көзқарасың болуы мүмкін, бірақ ол кәсіби жұмысыңа әсер етпеуі керек.
– Сіз өмір сүріп отырған мемлекетте журналистің қауіпсіздігі мен ақпарат алу құқығы қалай қорғалған? Бұл тәжірибеден Қазақстан заңнамасына нені енгізуді ұсынар едіңіз?

– АҚШ заңына сәйкес, журналист қоғамдық орындарда полицияның әрекетін түсіре алады, шерулерді бақылайды, мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты ақпарат жинай алады. Әрине, мұның да заңмен белгіленген шектеулері бар. Кейбір штаттарда журналистік дереккөздердің құпиялығын қорғайтын арнайы заңдар да қарастырылған.
Қазақстанда да журналистердің ақпарат жинау құқығын іс жүзінде қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және кәсіби қызметіне кедергі келтіру жағдайларын объективті тергеу маңызды. Алайда журналистің құқығын қорғау – оған артықшылық беру емес. Бұл, бар болғаны, қоғамның ақпарат алу құқығын қорғау дер едім.
– Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде дәстүрлі телеарналар көрермен назарын сақтап қалу үшін қандай өзгерістерге барып жатыр? ABC арнасы бұл үдерістен қалай көрініп жүр?
– Бүгінде көрермен жаңалықты тек теледидардан емес, смартфоннан, әлеуметтік желілерден және стриминг платформаларынан алады. Сондықтан телеарналар да мультимедиалық редакцияға айналып жатыр. Бір оқиғаға қатысты теледидарға толық сюжет, әлеуметтік желіге қысқа видео, сайтқа қосымша материал, қажет болса, тікелей эфир дайындалады. WKBW редакциясында да дәстүрлі эфирмен қатар цифрлық платформалар мен тәулік бойы жұмыс істейтін стриминг бағытына көңіл бөлінеді. Жасанды интеллект те журналистің жұмысын жеңілдететін құралға айналып келеді. Бірақ ол журналистің орнын баспауы керек. Ақпаратты тексеру, дереккөзбен сөйлесу және оқиғаның қоғамдық маңызын бағалау – адамның жауапкершілігі.
Қандай технология пайда болса да, журналистиканың негізі өзгермеу керек. Шынайы ақпарат, сенімді дереккөз және кәсіби жауапкершілік маңызды.
– Біздің отандық телеарналарда саяси өмірден әлі толық хабары жоқ, кеше ғана оқу бітірген жас мамандарға ірі саяси науқандар мен қоғамдық маңызы зор тақырыптарды жүргізу сеніп тапсырылады. Ал шетелдік медиада мұндай саяси шолуларды немесе ірі саяси ток-шоуларды тісққан тәжірибелі жүргізушілер қолына алғанын байқаймыз. Содан ба көрермен тарапынан біздегі жаттанды мәтіннен аса алмайтыны, өткір сұрақ қоюға жасқанатын жүргізушілер жиі сыналады. Мұны кәсіби тәжірибенің аздығымен байланыстыруға бола ма?
– Меніңше, мәселені журналистің жасымен байланыстыру дұрыс емес секілді. Жас маман да өте мықты жүргізуші бола алады. Бірақ, расында да, тәжірибе мен тақырыпты терең түсінудің орны ерекше. АҚШ-та жақсы жүргізуші сұрақты жай оқып бермейді. Ол әңгімені басқарады, спикердің жауабын тыңдайды, қажет болса, қайшылықтарды көрсетіп, нақтылау сұрақтарын қояды. Мұндай қабілет үшін кәсіби дайындық, саяси сауат, өмірлік тәжірибе және өзіне деген сенім қажет.
Қазақстанда кейбір жүргізушілердің алдын ала дайындалған мәтіннен аса алмайтыны көзге ұрып тұратыны рас. Бірақ мұның себебін тек журналистің өзінен іздемеу керек. Редакциялық еркіндік, тәлімгерлік жүйесі және жалпы кәсіби орта да маңызды. Журналист спикерден қорықпау керек. Сыпайы бола отырып та, өте өткір сұрақ қоюға болады. Өйткені журналистің міндеті – сұхбаттасушыға ыңғайлы жағдай жасау емес, көрерменнің сұрағына жауап алу.
– Қазақстан медиасының сапасын арттыру үшін не жетіспейді? Алдағы уақытта жинаған халықаралық тәжірибеңізді Отан игілігіне жарату жоспарыңызда бар ма?
– Меніңше, Қазақстан журналистикасына ең алдымен редакциялық тәуелсіздік қажет. Журналист үкіметке де, бай кәсіпкерге де, басқа ықпалды тұлғаға да тәуелді болмауы керек. Өйткені біреуге тәуелді болған журналист ерте ме, кеш пе, сол адамның мүддесіне қызмет етуі мүмкін. Екіншіден, редакция ішінде кәсіби этика мен өзара құрмет мәдениеті қалыптасуға тиіс. Мұнсыз болмайды. Басшы болу қызметкерді қорлауға, манипуляция жасауға немесе қысым көрсетуге құқық бермейді. Журналист басшысынан қорықпай, өз пікірін ашық айта алуы керек. Үшіншіден, кадрларды таныстықпен емес, кәсіби қабілеті мен еңбегіне қарай өсіретін меритократиялық жүйе қажет. Сонымен қатар журналистік зерттеулерді, сапалы білім мен тәжірибе алмасуды дамыту маңызды. Өзім АҚШ-та жинаған тәжірибемді Қазақстандағы әріптестеріммен бөліскім келеді. Әсіресе мультимедиалық журналистика, журналистік зерттеу, телевизиялық сюжет дайындау және редакциялық менеджмент бағыттарында тәжірибем бар. Болашақта жас журналистермен жұмыс істеп, кәсіби семинарлар өткізу де жоспарымда бар.
– Бізде Журналистер мерекесі қарсаңында журналистердің марапатталуы, әртүрлі сыйлық алуы артады. Байқау жүлдесін «беделді» БАҚ-дың журналистеріне таратып беру «дәстүрі» бар. Мұндай үрдіс АҚШ-та бар ма? Жалпы, осындай үрдістің болуы журналистиканың негізгі мақсат-міндетіне қайшы ма, әлде дұрыс па?
– АҚШ-та Pulitzer Prize, Peabody Awards, Emmy Awards және Edward R. Murrow Awards сияқты беделді кәсіби марапаттар бар. Мұндай марапаттардың негізгі мақсаты – журналистің лауазымын немесе қай редакцияда жұмыс істейтінін емес, нақты жасаған жұмысының сапасын бағалау мақсатында беріледі.
Марапаттауға қарсы емеспін. Иә, сапалы журналистік зерттеу мен қоғамға маңызды репортажды бағалау – дұрыс үрдіс. Бірақ марапат таныстықпен, лауазыммен немесе белгілі бір ықпалды топқа жақындығымен берілмеуі керек. Сондай-ақ сыйлық журналисті біреуге моральдық тұрғыдан тәуелді етуге немесе оның жұмысына ықпал жасауға себеп болмаған дұрыс.
Журналистің ең үлкен марапаты – қоғамның сенімі. Сыйлық алуға болады, бірақ журналистиканың мақсаты сыйлық алу емес, шындықты айту және қоғамға қызмет ету болу болса керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Жадыра МҮСІЛІМ
