Батыс Қазақстан облысында АИТВ анықталған 10 адам ем қабылдаудан бас тартып, дәрігерлер бақылауына келмей қойған, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қазір олардың жүрген жерін полиция анықтап жатыр.
Өңірде АИТВ диагнозымен 755 адам есепте тұр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында инфекция жұқтырудың 44 жағдайы тіркелген. Былтыр осы кезеңде 55 жағдай анықталған. Жаңа жағдайлардың 60%-ы гетеросексуалдық, 13%-ы гомосексуалдық қатынастармен байланысты.
Бұдан бөлек, биыл өңірде бес жастағы баладан АИТВ анықталған.
Дәрігерлердің мәліметінше, инфекция балаға анасынан берілген. Әйел өзінің АИТВ жұқтырғанын білмеген, диагноз жоспарлы тексеру кезінде анықталған.
Қазір облыста АИТВ диагнозы бар 11 жүкті әйел медициналық бақылауда. Олардың алтауы босанған.
