Елімізде отырып, шетелдік интернет-казинолардың қаржылық операцияларына көмектескен қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер өздері құрған үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік онлайн-казиноларға ақша аударып отырған. Бұл үшін түрлі банктерде орнатылған жүздеген төлем терминалын іске қосқан. Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар.
Тергеу деректеріне сәйкес, аталған жүйе арқылы шетелдік казиноларға жалпы сомасы 191 млрд теңге аударылған. Ал ұйымдастырушылар бұл қызметі үшін 286 млн теңге комиссиялық сыйақы алған.
Қылмыстық схеманы жасыру мақсатында заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректері заңсыз пайдаланылған. Олардың кейбірі өз мәліметтерінің осындай мақсатта қолданылғанынан мүлдем хабарсыз болған. Сонымен қатар күдіктілердің атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркеліп, ақша аударымдары жалған келісімшарттар мен арнайы ашылған сайттар арқылы тауарлар мен қызметтердің төлемі ретінде көрсетілген. Қаражаттың бір бөлігі шетелге, соның ішінде криптовалюта арқылы шығарылған.
ҚМА хабарлауынша, қылмыстық схеманы ұйымдастырған адам қамауға алынған. Сот санкциясымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынған.
Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
