Жүк тасымалы үш күнге қысқарады

«Елімізде соңғы 30 жылда алғаш рет қолға алынған «Арал — Каспий» автомобиль жолының құрылысы басталды»,  деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Ұзындығы шамамен 800 шақырымды құрайтын жаңа күре жол Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің қашықтығын 1000 шақырымға дейін қысқартып, жүк тасымалы уақытын үш күнге үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарушы директоры Сағи Садықұлы «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.

Стратегиялық маңызы бар жобаның негізгі мақсаты — Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елімізді Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық орталықтардың біріне айналдыру. Жаңа бағыт батыс, оңтүстік және орталық өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттырмақ. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, жол қозғалысын 2028 жылдың соңына дейін ашу жоспарланып отыр.

Сала өкілінің айтуынша, қазір еліміздің жол инфрақұрылымына түсетін жүктеме айтарлықтай артқан. Нормативтік көрсеткіштерде көлік ағыны жылына 4-6 пайызға өсуге тиіс болса, ақылы жолдардағы бейнебақылау камералары мен нақты деректер бұл көрсеткіштің қазірдің өзінде 18-20 пайызға жеткенін көрсетіп отыр.

Осыған байланысты автомобиль жолдарын жаңғырту, жүру жолақтарын кеңейту, ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бейімделген инфрақұрылым қалыптастыру және шекарадағы өткізу пункттерінің қуаттылығын арттыру өзекті міндетке айналды.

Жол сапасын жақсарту және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту мақсатында Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен арнайы реформалау комиссиясы құрылған. Оның жұмысы барысында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу мен жөндеуге қатысты келісімшарт талаптары және қаржыландыру тетіктерінде бірқатар айырмашылық бары анықталған. Сонымен қатар, соңғы он жылда жол жобалау нормативтерінің жаңартылмағаны белгілі болды.

Мамандардың пікірінше, бұрынғы стандарттар ЗИЛ, ГАЗ-53 жүк көліктері мен «Икарус» автобустарының техникалық мүмкіндіктеріне негізделген. Ал қазір жолдармен Volvo, DAF, Shacman, Sinotruk секілді ауыр жүк көліктері қатынайды. Бұл жағдай қолданыстағы жол құрылысы талаптарын заман талабына сәйкестендіру қажеттігін көрсетеді.

Осы бағытта халықаралық тәжірибеге негізделген DBM (Design, Build and Maintain) үлгісін енгізу көзделіп отыр. Бұл тәсіл бойынша мердігер компания жобалаудан бастап құрылыс жұмыстарына дейінгі барлық кезеңді өз мойнына алады. Сонымен қатар, салынған нысанды 7 жылдан 20 жылға дейін күтіп ұстауға және оның сапасына тікелей жауап беруге міндеттеледі. Бұдан бөлек, алдағы жылы Көкшетау — Петропавл автомобиль жолын екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталмақ. Жоба солтүстік өңірлердің орталық және оңтүстік облыстармен көлік байланысын жақсартып қана қоймай, Қытайдан Ресей мен Еуропаға бағытталатын халықаралық транзиттік тасымалдардың мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.

Жалпы, «Арал — Каспий» жолының салынуы Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамытуға, транзиттік бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықаралық жүк тасымалының уақытын қысқартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі болмақ.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика