Тарихи тұлғаларға арналған симпозиумдар кезектесіп ұйымдастырылады

«Елімізде тарихи және рухани мұраны зерттеу мен насихаттаудағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, бұл бағыттағы жұмыстарды институционалдық деңгейде дамыту көзделіп отыр», деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Енді Әбу Насыр әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиумдар кезекпен екі жылда бір рет тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл туралы Алматы қаласында өткен «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысқан Вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи, ал Алматыда Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық ғылыми жиындарды тұрақты түрде өткізу жөнінде тапсырма берген. Осыған сәйкес, қос тарихи тұлғаның рухани және ғылыми мұрасын зерделеуге арналған симпозиумдар кезектесіп ұйымдастырылмақ.

Ерлан Қарин мұндай бастамалар ұлттық мұраны зерттеудің жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, тарихи тұлғалардың еңбектерін тек мерейтойлық немесе науқандық іс-шаралар аясында ғана емес, тұрақты ғылыми негізде зерттеп, олардың идеяларын кеңінен насихаттау маңызды.

«Бұл — рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі әрі кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді. Қазақстан өзінің тарихын, рухани мұрасын зерттеуді, насихаттауды жүйелі түрде қолға алып жатыр. Сондай-ақ ағартушылық бағыттағы үлкен бетбұрыстың белгісі», деді Вице-президент.

Халықаралық симпозиумның ашылу салтанатында Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Президент өз хатында ұлы ойшылдардың озық идеяларын терең зерделеудің, оларды өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың және ғылыми мұраны заманауи ғылым тұрғысынан қайта пайымдаудың маңыздылығына тоқталған.

Айта кетейік, әл-Фараби мен Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиумдардың тұрақты өткізілуі Қазақстанның рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде танытуға, отандық ғылымның дамуына және ұлттық тарихи сананы нығайтуға бағытталған маңызды бастама болмақ.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика