Астанада Ақаба процесі аясында «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған халықаралық саммит өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Халықаралық жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова және Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев қатысуда. Сондай-ақ саммитке бірқатар елдің ресми өкілдері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналған.
Жиында жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселелері, жаңа технологияларды жауапкершілікпен пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттары талқыланып жатыр.
Айта кетейік, Ақаба процесі — Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің 2015 жылы бастамашы болған терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық бастамасы. Оның негізгі мақсаты — мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, қауіпсіздік саласындағы жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру.
