Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Alatau City жобасының Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуын қорытындылады, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Нәтижесінде жалпы инвестициялық әлеуеті 2 млрд АҚШ долларынан асатын 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Іскерлік сапар аясында қазақстандық делегация Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларында бірқатар кездесу өткізді. Негізгі мақсат — Alatau City қаласының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ оның инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және технологиялық жобаларына шетелдік капитал тарту болған.
Роуд-шоудың қорытынды кезеңі Франкфурт қаласында өтіп, мұнда Alatau City Investment Round Table атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған банктердің, инвестициялық ұйымдардың және халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ұзақмерзімді инвестиция тарту және Германияның қаржы құралдарын пайдалану мәселелері талқыланды.
Іс-шарада Қанат Бозымбаев Alatau City қаласын дамытудың стратегиялық басымдықтары мен Қазақстан-Германия инвестициялық ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктерін таныстырды. Ал Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қаланың даму тұжырымдамасы, негізгі бағыттары және халықаралық инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады.
Франкфурттегі келіссөздер нәтижесінде Alatau City жобаларын қаржыландыруға қатысты бірқатар келісімге қол жеткізілді. Тиісті құжаттарға Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның AKA Bank пен KfW қаржы институттарының өкілдері қол қойды. Ынтымақтастық аясында инвестициялық жобаларды қаржыландыру және неміс өндірісіндегі жабдықтарды сатып алу көзделген. Сонымен қатар WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларымен өнеркәсіптік және технологиялық серіктестік орнату мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, инженерлік және сервистік инфрақұрылымды дамыту, медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау тетіктерін енгізу және инвестициялық консалтинг саласындағы мүмкіндіктер талқыланды.
Германиядағы роуд-шоу кезеңінің нәтижесінде инвестициялық әлеуеті 715 млн АҚШ долларын құрайтын 18 келісімге қол қойылды. Жалпы, Alatau City жобасының Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуы аясында жиынтық инвестициялық әлеуеті 2 млрд АҚШ долларынан асатын 27 коммерциялық құжат рәсімделді. Қол жеткізілген уағдаластықтар қаржы секторы, инженерлік инфрақұрылым, білім беру, машина жасау, денсаулық сақтау, туризм және цифрлық экономика бағыттарын қамтиды.Айта кетейік, бұған дейін Alatau City жобасын жүзеге асыруға 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланғаны хабарланған болатын.
