Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалланы еліміздің жоғары наградасы — Al-Farabi орденімен марапаттады. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы Ақорданың ресми Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Король II Абдалланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің тереңдей түскенін көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог ортақ басымдықтарды айқындап, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иорданияны бейбітшілік пен тұрақтылықты, абырой мен әділеттілікті ту еткен мемлекет ретінде бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ Король II Абдалланы халықаралық аренада беделі жоғары, көреген көшбасшы ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы Иордания басшысының халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларына да тоқталды. Атап айтқанда, «Ақаба процесі» бастамасының маңызын ерекше атап өтіп, Астанада осы бастама аясындағы кезекті саммитті Иорданиямен бірлесіп өткізу Қазақстан үшін үлкен мәртебе екенін айтты.
Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықтың соңғы жылдары жаңа қарқын алғанына назар аударды. Оның пікірінше, өзара сапарлар мен жоғары деңгейдегі кездесулер серіктестікті жаңа перспективалық бағыттар бойынша дамытуға жол ашқан. Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдалланы Қазақстанның жақын досы деп атап, екі мемлекет арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін жоғары наградамен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
«Қазақстан мен Иорданияның арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге Al-Farabi орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданың атауы Шығыстың ұлы ойшылының құрметіне қойылды», деді Мемлекет басшысы.
Президент Әл-Фарабидің әлемдік өркениеттегі орнына тоқталып, оның даналық, үйлесім мен бірлік туралы философиялық мұрасы қазақ және араб халықтарының ортақ рухани қазынасы екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдалланы аталған орденнің алғашқы иегері екенін айтып, марапатты Қазақстан халқының Иордания басшысына деген шынайы құрметінің белгісі ретінде қабыл алуды ұсынды.
Осылайша, Al-Farabi ордені Қазақстан мен Иордания арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін шет мемлекет басшысына табысталған жоғары марапат болды. Өз кезегінде Король II Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады.
– Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу – зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулетіңіздің абыройын асырған тұлғаның есімімен аталады. Оның ар-ожданы, сенімі мен нанымы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байланыстардың тығыз әрі дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сіздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету ниетіңізді жоғары бағалаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Аl-Hussain ibn Ali орденін 1949 жылы Иордания Королі I Абдалла бен әл-Хусейн әкесі – Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853–1931 жж) құрметіне тағайындаған. Ол Хашимиттер әулетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі болған.
Орденді табыстау Иордания Королі тарапынан көрсетілген айрықша құрметтің белгісі әрі жоғары деңгейдегі саяси сенімнің айғағы саналады.
