Павлодарда деректерді өңдеу орталығы салынады

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының барысына арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Жиында құрылыс жұмыстары, инвестиция тарту және жобаны одан әрі кеңейту мәселелері қаралды. Жоба аясында жалпы қуаты 304 МВт болатын үш деректерді өңдеу орталығын салу жоспарланған. Оның алғашқысы 68 МВт қуатқа ие болып, 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Қуаты 164 МВт болатын екінші Firebird AI орталығын іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына, ал 72 МВт қуаттағы үшінші орталықты пайдалануға беру төртінші тоқсанға жоспарланып отыр.

Жобаның екінші кезеңі аясында Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен 480 МВт есептеу қуатын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдер жасалған. Болашақта бұл көрсеткішті 620 МВт-қа дейін арттыру көзделіп отыр.  Сонымен қатар өзге де халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілу үстінде.

Жалпы, 2029 жылға қарай деректерді өңдеу орталықтарының қуатын 1 ГВт-қа жеткізу жоспарланған. KPMG бағалауынша, жоба елімізге жылына 3,1 млрд доллар көлемінде экспорттық кіріс әкелуі мүмкін. Ал 20 жыл ішіндегі инвестициялардың жиынтық көлемі 115 млрд долларға бағаланып отыр.

Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов жобаның ел экономикасы мен цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы маңызын атап өтіп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, орталықтарды уақытылы іске қосуды тапсырды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика