Үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі жолдардың сапасына қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевқа қызметінен кетіп өалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бүгінгі Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев премьер-министрге атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Оның есебінше, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 10%-ға азайған. Бұл ретте республикалық жолдардағы қозғалыс қарқындылығы 30%-ға артты. Жол-көлік апаты жағдайын сипаттайтын үш көрсеткіштің барлығы төмендеген.
Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» басшысы бірінші және екінші санаттағы жолдардың ұзындығының ұлғайғаны, бейнемониторинг және республикалық жолдардың инженерлік жабдықталуы туралы айтты.
Алайда, есеп тыңдалып болған соң Бектенов ұлттық компания төрағасына Президент айтқан кемшіліктердің түзелмегенін ескертіп өтті.
Баяндама жақсы. Алайда шешімін таппай отырған көптеген проблемалық мәселе бар және сіз олар туралы айтпадыңыз. Президент атап өткен барлық кемшілік тікелей сіздердің жұмыстарыңызға да қатысты. Сондықтан жолдардың сапасын жақсарту қажет. Жұмыс істеңіз, әйтпесе бұл мәселе бойынша басқа адамдар жұмыс істейтін болады, – деді Бектенов.
