Еліміз туберкулезді емдеу бойынша ТМД елдерінде алдыңғы орында тұр

Туберкулез дерті мен оның емделу жолдары туралы халық арасында сұрақ өте көп. Кейде қажетті ақпараттың жеткіліксіздігінен жаңсақ пікірлер де кездесіп жатады. Жалпы, біздің елде бұл дертті емдеу қалай жолға қойылған? Аталған дертке шалдыққан жан толыққанды айығып кете ала ма? Осы және өзге де сауалдарға Ұлттық фтизиопульмонология орталығының директоры – Әденов Мәлік Молдабекұлы жауап берді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Мәлік Молдабекұлы өзіңізге алғашқы сауал, бүгінде еліміздегі туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай қандай?

-Бүгінде Қазақстандағы туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жыл сайын жақсарып келе жатқанын сенімді түрде айтуға болады. Соңғы жылдары ауруға шалдығу, таралу және өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеп келеді.
Мысалы, 2026 жылдың алғашқы алты айындағы мәліметтерге сүйенсек, туберкулезге шалдығу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8 %-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 28,4 жағдайды құрады. Ал аурудың таралу көрсеткіші 12 %-ға азайып, 100 мың халыққа шаққанда 36,6 жағдай тіркелді.
Өлім-жітім көрсеткіші де төмен деңгейде сақталып отыр. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 0,8 жағдайды құрап отыр. Халықаралық тәжірибемен салыстырғанда, бұл – өте жақсы көрсеткіштердің бірі.
Эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанын көрсететін тағы бір маңызды көрсеткіш бар. Соңғы 2,5 жыл ішінде елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезден өлім-жітім жағдайы тіркелген жоқ. Бұл – профилактикалық жұмыстардың, ерте диагностиканың және емдеу шараларының тиімділігін көрсететін маңызды жетістік.
Жалпы алғанда, туберкулезге қарсы қызметтің барлық деңгейде жүйелі жұмыс істеуі, заманауи диагностика мен емдеу әдістерінің енгізілуі оң нәтижесін беріп отыр.

Соңғы жылдары туберкулезбен сырқаттану көрсеткішінде қандай өзгерістер байқалады?

– Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды. Осы кезеңде туберкулезбен сырқаттану деңгейі 47 %-ға төмендесе, аурудың таралу көрсеткіші 51,7 %-ға азайды. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 73 %-ға төмендеп отыр.
Мұндай оң нәтижелерге бірнеше фактордың арқасында қол жеткіздік. Ең алдымен, мемлекет тарапынан туберкулезге қарсы барлық іс-шаралар толық көлемде қаржыландырылады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен халықаралық ұйымдармен және серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатылып, туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу жүйесі халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестендірілді.
Соңғы жылдары диагностика саласында да үлкен серпіліс болды. Бүгінде елімізде молекулалық-генетикалық зерттеу әдістері кеңінен қолданылады. Көпшілікке COVID-19 пандемиясынан кейін жақсы таныс болған ПТР негізіндегі технологиялар туберкулезді де дәл анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстан бойынша осындай 149 заманауи диагностикалық құрылғы жұмыс істейді. Бұл жабдықтар небәрі 2 сағат ішінде екі маңызды сұраққа жауап береді: науқаста туберкулез бар ма, жоқ па және анықталған жағдайда оның дәріге сезімтал түрі ме, әлде көп дәріге төзімді түрі ме.
Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде заманауи цифрлық флюорографиялық қондырғылар орнатылған. Халықты профилактикалық тексеруден өткізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Балалар мен жасөспірімдер арасында Манту сынамасын жасау және скринингтік шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Мұның барлығы ауруды ерте кезеңде анықтауға және дер кезінде ем бастауға мүмкіндік береді.
ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы туралы да ерекше атап өткен жөн. Орталықтың зертханалық базасы мен хирургиялық қызметі халықаралық стандарттардың ең жоғары талаптарына сай жабдықталған. Бүгінде мұнда туберкулездің күрделі және асқынған түрлеріне жоғары технологиялық операциялар жасалады.
Біздің орталыққа еліміздің түкпір-түкпірінен күрделі жағдайдағы науқастар келеді. Олардың қатарында жергілікті жерде емдеу нәтижесіз болған, дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын немесе туберкулезге қарсы дәрілердің ауыр жанама әсерлеріне тап болған пациенттер бар. Мұндай науқастарға жеке емдеу тактикасын таңдау оңай емес. Кейде олардың бауырына немесе басқа да ағзаларына қосымша ем жүргізуге тура келеді. Осы мәселелермен біздің мамандар кешенді түрде айналысады.
Сондай-ақ орталықта өкпеден тыс туберкулездің күрделі түрлеріне де көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, омыртқа, сүйек-буын жүйесі, сондай-ақ орталық жүйке жүйесін зақымдайтын туберкулез түрлері кездеседі. Осындай науқастар жоғары мамандандырылған медициналық көмекті біздің орталықта алып, қажетті емдеу мен оңалтудан өте алады.

Туберкулезбен ауыратын науқастардың орта жасы қандай?

Көптеген жылдар бойы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде туберкулезге шалдығатын азаматтардың басым бөлігі еңбекке қабілетті, әлеуметтік белсенді 18-59 жас аралығындағы адамадар болып келеді. Алайда, соңғы 10 жылдығы көрсеткіштерге сүйенсек, дәл осы жас буын өкілдерінің арасында туберкулездің азайғанын көріп отырмыз. Бұл – өте жақсы нәтиже. Өйткені, әлемнің көптеген дамыған мемлекеттері осындай эпидемиологиялық жолдан өткен.
4. Бүгінгі таңда медициналық ұйымдарда туберкулезді анықтау үшін қандай заманауи диагностикалық әдістер қолданылады?
– Соңғы жылдары Қазақстанда туберкулезді диагностикалау мен емдеу саласында үлкен өзгерістер болды. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің басты ұстанымы – қолданылатын әдістердің науқас үшін барынша қолайлы әрі тиімді болуы керек.
Емдеу тәсілдері де айтарлықтай жетілдірілді. Туберкулезді емдеу белгілі бір уақытты қажет ететіндіктен, науқастар бүкіл емдеу кезеңін ауруханада өткізбейді. Егер алғашқы айларда ем нәтижелі болып, науқастың жағдайы жақсарса және ол айналасындағы қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін деңгейге жетсе, біз оны амбулаториялық емге ауыстырамыз. Бұл жағдайда пациент тұрғылықты жеріндегі медициналық ұйымның бақылауымен күнделікті дәрілерін қабылдайды.
Бүгінде туберкулезге қарсы дәрілердің басым бөлігі таблетка түрінде шығарылады. Науқасқа қолайлылықты арттыру үшін бір таблетканың құрамына екі немесе үш дәрілік зат біріктірілген. Мұндай препараттардың құны жоғары болғанымен, олар мемлекет есебінен толық қамтамасыз етіледі.
Туберкулезді емдеуде қолданылатын дәрілердің түрі көп. Бір науқасты емдеу барысында дәрілік заттардың 15–20 атауы қарастырылады. Солардың ішінен әр науқастың жағдайына сәйкес ең тиімді бес дәрі таңдалып, жеке емдеу схемасы жасалады.
Сонымен қатар, қазіргі медицинаның негізгі мақсаты – емдеу мерзімін мүмкіндігінше қысқартып, науқастың қалыпты өміріне тезірек оралуына мүмкіндік жасау. Әрбір адам өз отбасына, жұмысына және қоғамдағы белсенді өміріне тезірек қайтқысы келеді. Сондықтан біз емнің тиімділігін сақтай отырып, оның ұзақтығын азайтуға ерекше көңіл бөлеміз.
Соңғы он жылдағы өзгерістерге тоқталсақ, бұрын дәріге сезімтал туберкулезді емдеу 6 айдан 12 айға дейін созылатын. Қазіргі таңда жаңа емдеу тәсілдерінің арқасында бұл мерзім кей жағдайларда 4–8 айға дейін қысқарды.
Ал дәріге төзімді туберкулезді емдеу бұрынғыдан да күрделі болатын. Бұрын мұндай науқастар 24–36 ай бойы ем қабылдап, кейбіріне 15 айға дейін күнделікті инъекция салынатын. Қазір заманауи дәрілік препараттардың енгізілуі нәтижесінде ұзаққа созылатын емдеу схемалары айтарлықтай қысқарып, көптеген науқастар 6–18 ай аралығында тиімді ем алып шығуда.
Бұл өзгерістердің барлығы туберкулезбен күрестегі заманауи медицинаның жетістіктерін және науқасқа бағытталған тәсілдің тиімділігін көрсетеді.

Балалар арасындағы туберкулездің алдын алу, емделуі қалай жүріп жатыр?

– Балаларды туберкулезден қорғау өмірінің алғашқы күндерінен басталады. Нәресте дүниеге келген сәттен бастап ата-аналар мен медицина қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі – оның ағзасын жұқпалы аурулардан қорғау. Себебі әртүрлі инфекциялармен адам өмірінің кез келген кезеңінде кездесуі мүмкін. Сондықтан баланың иммундық жүйесін ерте жастан нығайту аса маңызды.
Туберкулездің алдын алудағы ең тиімді тәсілдердің бірі – БЦЖ вакцинасы. Бұл екпе нәрестеге туғаннан кейінгі алғашқы 2–3 күн ішінде салынады. БЦЖ вакцинасы баланы туберкулезден толық қорғамаса да, ауру жұққан жағдайда оның ауыр және асқынған түрлерінің дамуына жол бермейді. Ең бастысы, туберкулезден болатын ауыр асқынулар мен өлім-жітім қаупін едәуір төмендетеді. Бұл тиімділігі халықаралық деңгейде дәлелденген профилактикалық шаралардың бірі.
Сонымен қатар, баланың жалпы денсаулығын нығайту да үлкен рөл атқарады. Ол үшін бала тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысып, дұрыс тамақтанып, жеткілікті ұйықтап, күн тәртібін сақтауы қажет. Иммунитеті мықты бала көптеген инфекциялық ауруларға төзімді келеді және олардың ағзаға тигізетін әсері әлдеқайда жеңіл өтеді.
Туберкулездің алдын алу мақсатында елімізде балалар арасында жүйелі скринингтік жұмыстар жүргізіледі. Жыл сайын мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға Манту сынамасы қойылады. Осы тексерулердің нәтижесі бойынша баланың туберкулез инфекциясын жұқтырып, ауруға шалдығу қаупі бағаланып, қажет болған жағдайда профилактикалық ем тағайындалады.
Соңғы жылдары профилактикалық емдеу тәсілдері де жетілдірілді. Бұрын балаларға профилактикалық мақсатта дәріні алты айға дейін қабылдау қажет болса, бүгінде заманауи хаттамалардың енгізілуі нәтижесінде бұл мерзім бір айға дейін қысқарды. Бұл балалар үшін де, ата-аналар үшін де әлдеқайда қолайлы әрі тиімді шешім болып отыр.
Жалпы алғанда, вакцинация, тұрақты скрининг, профилактикалық ем және салауатты өмір салтын қалыптастыру балалар арасындағы туберкулездің алдын алудың негізгі тетіктері болып саналады.

Халық арасында туберкулез туралы ең көп таралған қате түсініктер қандай?

– Туберкулезге қатысты халық арасында әлі күнге дейін сақталып келе жатқан бірнеше жаңсақ пікір бар. Соның ең кең тарағаны – «туберкулез тұқым қуалайтын ауру» деген түсінік.
Бұл пікірдің қалыптасуына тарихи себептер әсер еткен. Бұрын туберкулез дер кезінде анықталмайтындықтан, бір отбасының бірнеше мүшесі қатарынан ауырып қалатын жағдайлар жиі кездескен. Соның салдарынан қоғамда «әкесі ауырса, баласына беріледі», яғни ауру тұқым қуалайды деген қате көзқарас орнықты. Алайда бұл ғылыми тұрғыдан дұрыс емес. Туберкулез – тұқым қуалайтын емес, ауа-тамшы жолымен жұғатын инфекциялық ауру.
Сондықтан бір отбасында туберкулез анықталған жағдайда біз міндетті түрде барлық отбасы мүшелерін тексереміз. Егер олардың арасында ауру жұқтырғандар анықталса, тиісті ем жүргізіледі. Ал жұқтыру қаупі болғанымен, ауру белгілері анықталмаған адамдарға профилактикалық ем тағайындалады немесе олар тұрғылықты жеріндегі медициналық ұйымдардың бақылауына алынады.
Тағы бір кең тараған жаңсақ пікір – «туберкулез ешқашан толық емделмейді» деген көзқарас. Бұл түсінік те медицина мүмкіндіктері шектеулі болған кезеңдерден қалған. Бұрын туберкулезді емдеу ұзақ уақытқа созылып, дәрілік препараттардың саны көп болатын. Кейбір науқастар бірнеше айдан кейін жағдайы жақсарғанын сезіп, емді өз бетінше тоқтатып қоятын. Соның салдарынан ауру қайта өршіп, емдеу нәтижесі төмендейтін.
Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Заманауи диагностикалық әдістер мен тиімді дәрілік препараттардың арқасында туберкулез толық емделетін аурулардың қатарына жатады. Ең бастысы – диагнозды уақытында қойып, дәрігер белгілеген емдеу курсын толық аяқтау қажет. Емдеу тәртібі сақталған жағдайда науқастардың басым көпшілігі толық сауығып, қалыпты өміріне қайта оралады.
Сондықтан туберкулезден қорқудан бұрын, ол туралы дұрыс ақпаратқа сүйену маңызды. Бұл ауру тұқым қуаламайды және қазіргі медицина мүмкіндіктерінің арқасында толық емделеді.

Туберкулезге шалдыққан адамның адамның қалыпты ортаға қайта оралуы қалай жүзеге асады?
– Туберкулезге қарсы қызметтің негізгі мақсаты – науқасты толық емдеп қана қоймай, оны қоғамнан оқшауламай, қалыпты өміріне қайта оралту.
Емдеу тәсілі аурудың түріне байланысты анықталады. Егер науқаста жұқпалы түрі болса, ол стационарда ем алып, айналасындағыларға қауіп төндірмейтін кезеңге жеткенге дейін дәрігерлердің бақылауында болады. Ал ауру ерте анықталып, науқас қоршаған ортаға қауіп төндірмесе, емді үй жағдайында амбулаториялық түрде қабылдай алады.
Бұл мәселеде дәрігерлік комиссия әр науқастың жағдайын жеке бағалайды. Оның әлеуметтік жағдайы, тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны ескеріліп, ең тиімді емдеу форматы таңдалады. Қажет болған жағдайда науқас стационарға жіберіледі.
Сондай-ақ бүгінде заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Егер медициналық ұйым алыс орналасса, кейбір науқастарға дәрі белгілі бір мерзімге қолына беріледі. Мұндай жағдайда дәріні қабылдау процесі бейнебайланыс арқылы бақыланады. Бұл емнің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етіп, науқастың қалыпты өмір салтын сақтауға мүмкіндік береді.
Жалпы, қазіргі таңда туберкулезді емдеу жүйесі әр азаматтың жеке жағдайына бейімделіп, оның қоғамға және күнделікті өміріне тезірек оралуына бағытталған.

Туберкулезді қақырықпен тексерудің орнына тіл жағындысы арқылы тексеру қалай жүргізілуді? Сонымен қатар, бұл тәсіл елімізде қолданылады ма?

Тіл жағындысы, қақырық, жұлындағы пункция, бездердің ішіндегі пункция мұның барлығын потологиялық материалдар дейді. Мұны біз зерттеу үшін аламыз. Тексеру кезінде науқастың жағдайын анықтаймыз. Егер қақырық шығып тұрса, қақырық аламыз. Қақырық шықпаған жағдайда жас балалардан тіл жағындысын алады. Кейде баланың зәрін, нәжісін зерттейміз. Өйткені,оның бәрінің арасынан табылуы мүмкін. Қандай да бір потологиялық материалдың әдісі болса, соны алып анықтауға тырысамыз. Сондықтан анықтау тәсілінде тек қақырықты ғана тексереміз, басқа анықтау тәсілін қолданбаймыз деген қағида жоқ.

2030 жылға дейінгі туберкулезді бақылау мақсаттарына жету үшін аймақтарда қандай жұмыстар атқарылуда?

Бұл ауру түпкілікті жойылып, жоғалып кетеді деп айта алмаймыз. 2018 жылдан бастап, БҰҰ-ның Америкада болған ассамблеясында дүниежүзілік мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан да туберкулездің індетін 2030-2035 жылға дейін жоямыз деген мақсат қойды. Бұл дегеніңіз, аурушаңдық, аурудың таралу көрсеткіші 100 адамға шаққан кезде 10 адамнан төмен болуы керек. Әр мемлекеттің өзінің жоспары бар. Әр бес жыл сайын осы мәселеге қатысты бірнеше мемлекеттер арасында үлкен іс-шара өтеді. Сондай шара 2023 жылы Нью-Йорк қаласында өтті. Әр мемлекеттен денсаулық сақтау саласының басшылары өз еліндегі жағдай бойынша бес жылдың ішінде болған өзгерістер жайлы жауап берді.
Осы тұрғыда дәлелді медицина бойынша, қандай да бір жаңа емдеу, ауруды анықтау тәсілдері шығып жатса, біз мұны елімізге тез арада бейімдеп кіргізуге тырысамыз. Біздің ғалымдар әлемдік деңгейдегі мақалаларды қарап, дәлелденген емдеу тәсілдерін, жаңа препараттарды енгізіп, үнемі ізденіп, отырады. Еуропа, Ресей дәрігерлерімен бірлесіп, ғылыми жұмыстар жүргіземіз. ДДСҰ-мы осыдан бес-алты жыл бұрын, бірнеше елдермен бірлесіп, туберкулездің көпдәріге төзімді түрінің емдеу мерзімін қысқарту үшін жаңа препараттармен емдеу тәртібін анықтады. Бұл процесске Қазақстан ғалымдары да қатысты. Бұл біздің ғалымдардың туберкулезге қарсы қосқан әлемдік деңгейдегі үлесі деп айтуға болады. Әлемдік деңгейдегі туберкулез ауруына қарсы шыққан емдік шараларды өзімізге дер кезінде бейімдеуге тырысамыз.
Медициналық ұйымның пациенттерді емдеу және оңалту бойынша болашақ жоспарлары қандай?
– Алдағы жылдардағы басты мақсатымыз – 2030–2035 жылдарға қарай туберкулезден болатын өлім-жітімді барынша азайтып, аурудың таралу көрсеткішін 100 мың тұрғынға шаққанда 10 жағдайдан төмен деңгейге жеткізу. Бұл – мемлекет, медициналық ұйымдар және әрбір азамат үшін ортақ міндет.
Осы мақсатқа жету үшін диагностика мен емдеудің заманауи әдістері енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше өңірінде жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, скрининг жүргізу және рентгенологиялық зерттеулердің нәтижелерін талдау қолға алынған. Мұндай жүйелер өкпедегі патологиялық өзгерістерді өте қысқа уақыт ішінде анықтап, диагноз қою үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Туберкулезбен күрестегі Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі – науқастарды әлеуметтік қолдау жүйесі. Амбулаториялық ем қабылдап жүрген азаматтарға жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктердің шешімі негізінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оның негізгі шарты – дәрігер тағайындаған емді үзбей, толық қабылдау. Бұл тәсіл науқастардың емге бейілділігін арттырып, емдеу нәтижесінің жоғары болуына ықпал етеді.
Бүгінде Қазақстан туберкулезді емдеу тиімділігі бойынша ТМД елдерінің алдыңғы қатарында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары еліміздегі қаржыландыру деңгейін, емдеу тәсілдерін және туберкулезге қарсы іс-шаралардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін жоғары бағалайды. Халықаралық конференциялар мен кәсіби кездесулерде Қазақстан тәжірибесі үлгі ретінде жиі ұсынылады.
Сонымен қатар, алдағы кезеңде негізгі назар туберкулездің таралу қаупі жоғары осал және нысаналы топтармен жұмыс істеуге аударылады. Олардың қатарында тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар, көшіп-қонып жүретін тұрғындар, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар, сондай-ақ бұрын қылмыстық-атқару жүйесінде болған азаматтар бар. Бұл топтар арасында ауруды ерте анықтау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және емнің үзілмеуін қамтамасыз ету маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Жалпы, Қазақстанда туберкулездің алдын алу, ерте анықтау, тиімді емдеу және пациенттерді әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да осы жұмыстарды жетілдіріп, туберкулездің қоғамға әсерін барынша азайту үшін күш сала береміз.

– Сұхбатыңызға рақмет. Денсаулық сақтау саласындағы маңызды ақпаратпен бөлісіп, туберкулездің алдын алу мен емдеуге қатысты өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.  

Сұхбаттасқан, Әсем МЕРЕКЕҚЫЗЫ

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика