Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды ақордада қарсы алу рәсімі кезінде Черногория мемлекеті басшысы Яков Милатовичтің елімізге алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық — сараптамалық порталы.
Екі ел президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, өзара ынтымақтастықтың мазмұнын байыта түсу керек, деген пікірін айтты.
– Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді,-деп атап өтті мемлекет басшысы.
Яков Милатович өз кезегінде, бұл сапар екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсететінін атап өтті.
– Құрметті Президент! Ең алдымен Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз атап өткендей, бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі екенін білеміз. Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылаймыз,-деді мәртебелі мейман.
