ТЖМ сүңгуірлері Мәртөк ауданында 2016 жылы туылған жоғалған баланың денесін Елек өзені жағасынан тапты,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жасөспірімнің денесі Елек өзенінен жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдікте табылған.
Еске сала кетсек, 29 наурызда 4-сынып оқушысы үйінен шығып, қайта оралмаған. Іздестіру жұмыстары Сарыжар ауылы маңында ТЖМ, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер және жергілікті тұрғындардың қатысуымен жүргізілді. Алғашқы сағаттардан бастап ТЖМ авиациясы жұмылдырылып, үлкен аумақтарды жедел тексеруге мүмкіндік берді.
Күн сайын сүңгуірлер 30–35 км су айдынын зерттеп, жүзу құралдары арқылы 25–30 км су беті тексерілді. Жаяу топтар 15–20 км жағалау сызығын қарап шықса, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 10–15 км аумақ бақылауға алынды. Сонымен қатар эхолоттар белсенді түрде қолданылды. Іздестіру жұмыстары өзеннің табиғи ерекшеліктеріне байланысты күрделі болды: иірімді арна, қатты ағыс, қалың өсімдік жамылғысы, сондай-ақ лайлы әрі көріну деңгейі төмен су,-делінген ТЖД берген ақпаратта.
Фото: ашық дереккөзден
