Әбдірашит Бәкірұлы: Желтоқсанды «көтеріліс» деп атауға біздің биліктің қауқары жетпейді 

Тәуелсіздік күні дегенде Желтоқсан көтерілісін ойға алмау мүмкін емес. Себебі, жастардың намысын жанып, қайратын қамшылаған наразылық шеру – егемендікке біртабан жақындата түсті. Шынтуайтында, Желтоқсан көтерілісінің лайықты мәртебесін алуына не кедергі? Осы және өзге сауалдар төңірегінде философ, публицист, желтоқсаншы Әбдірашит Бәкірұлы Jurtmedia тілшісіне сұхбат берді.   

  Қазақ елі үшін ең қастерлі ұғым – Тәуелсіздік. Алайда, оған оңай жолмен келген жоқпыз. Рухты жастардың қанымен келген ұлық күннің бағасына жетіп жүрміз бе?

– Желтоқсан көтерілісіне біз де қатыстық. Алаңда түске дейін болып, бәрімізді төмен қарай қуып әкетті. Ол кезде ресми түрде Торғай өңірінде іссапарда болуым керек еді. Уақытынан бұрын келіп алғам. «Егер ұсталсаң, іссапардан әдейі ерте келді» деп ұйымдастырушы қатарында кетесің» деді. Сол елең-алаң кезде бізді де алаңда суретке түсіріп алған екен. Содан қаңтар айының соңында өз еркіммен арыз жазып, жұмыстан шығып кеттім. Себебі, «Плакатты жазған кім? Ұрандарды таратқан кім?» деп қайта-қайта сұрастырып келді. Міне, сол күнгі жастардың намысы және қанымен келген тәуелсіздікке жетелеген Желтоқсан көтерілісі ресми құжаттың бәрінде «оқиға» деп айтылып, жазылып жүр. Бірақ ресми емес шараларда халық болсын, кейбір билік өкілдері болсын «Желтоқсан көтерілісі» деп атап кетті.

Оқиға – кездейсоқ болған құбылыс. Жол апаты, өрт – оқиға. Ал көтеріліс – тосыннан емес, халықтың соған ұйымдасқан түрде дайындалып, наразылыққа шығуы.

Ал ресми түрде «көтеріліс» деп баға беруден неге тайсақтаймыз?

 – Мұның бәрі сыртқы саясатпен байланысты. Егер біз «көтеріліс» деп баға беріп, мойындайтын болсақ, онда алаңға шыққанның бәрі «Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар» деген мәртебеге ие болатын еді. Екіншіден, сол статусқа сай бәріне жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Үшіншіден, сыртқы саясатқа келсек, Желтоқсан көтерілісі – Кеңес одағындағы әділетсіздікке қарсы күрес. Бұл жердегі негізгі доминант – Мәскеу. Яғни, Кеңестер одағы Ресей империясын әрі қарай жалғастырып келді. Сондықтан да бұл астарлы түрде Ресей үстемдігіне туындаған қарсылық ретінде бағаланады. Қазір көтеріліс деген баға берсек, күнтізбеде «қызыл күн» ретінде атап өтуіміз керек болады. Бұлай ісетесек, Ресей «Бізге қарсы пиғылды ашық көрсеттіңіздер!» деп тиіседі, деген қорқыныштан әлі күнге дейін «Желтоқсан көтерілісі» дей алмай келеміз. Тағы бір себебі, бізді Ресеймен ЕАЭО, ҰҚШҰ сияқты байланыстыратын ұйым көп. Сондықтан Желтоқсан көтерілісі деген баға берілсе, саяси тұрғыдан сол одақтастарға қарсы әрекет деп танылуы мүмкін. Міне, осындай себептермен біздің биліктің әлі күнге Желтоқсанды ресми түрде  «көтеріліс» деп атауға қауқары жетпейді.  Ол үшін тәуелсіздікті шын мәнінде толық орната алуымыз керек. Яғни, кейбір одақтан шығып, көпвекторлы саясатты қолдана отырып, өз бетінше дербес мемлекет болуымыз керек.

Қазір осы бағытта там-тұмдап әрекет жасалып жатқан сияқты ма?

– Тұран мемлекеттерінің басын қосатын «Тұран бірлігі» ұйымы құрылып жатыр. Қалай да Орталық Азия елдері өз алдына ығысып, әрқайсысы бұрынғы кісеннен шығу амалын астыртын түрде жасауда. Бұл дегеніміз ат құйрығын шорт кесісу дегенді білдірмейді. Бұл дербес мемлекет екенімізді тиянақтайтын ғана дүние. Бірақ мұны Ресей тарапы басқаша түсінеді. Олар әлі күнге Қазақстанды өзінің ықпалындағы мемлекет ретінде санайды. Мына Украинамен арадағы соғыстан кейін ғана Ресей Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның қадір-қасиетін біршама ұға бастаған сыңайлы. Алайда, сәті келсе, бұрынғы саясатын жалғастыра беруден ешқашан тайсалмайды. Біз 30 жыл бойы Ресейдің құшағына енумен болдық. Айналып келгенде, Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясының өзі әуел бастан Қазақстан тарапынан шықты. Сондықтан осы қателіктің бәрін түзеу үшін бізде бір емес, бірнеше билік ауысуы керек шығар. Яғни, жуық арада «Желтоқсан көтерілісі» деп бағаға қол жеткізе қоямыз деп үміттінбеймін.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны салдарынан оқудан шығып, қудаланып, әрісі абақтыға тоғытылғандар толығымен қашан ақталады?

– Бұл екі жақты мәселе. 1991 жылы экс-президент Назарбаев «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жазықсыз сотталғандарды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осының нәтижесінде нақақ сотталған 103 адамның 92-сі ақталған. Жалпы, көтерілісте 1700-дей адам қамалды деген дерек бар. Ал республика бойынша 5-7 мыңдай адам ұсталып, жұмыстан қуылған, үйдің кезегінен алынып тасталған, тағысын тағы. Міне, сол азаматтың бәрі кінәлі деп танылып, жапа шекті. Одан кейін Желтоқсан көтерілісі біршама зерттеліп, әділетсіздік жасалғаны айтылды. Бірақ мемлекет тарапынан «Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар ешқандай да нашақор, маскүнем, бұзақы емес. Олар қылмыс жасаған жоқ» деген ақтау болған жоқ. Есесіне, жастардың мойнына тағылған айып сол күйі қалды. Бүгінге дейін қаншама желтоқсаншы ақталды. Ұсталғандығы, тергеуге алынғаны  туралы дәлелді құжаты болса «Ақталды» деген құжат берді. Шын мәнінде, жалпы желтоқсаншылардың қоғам алдында ақталатын ешқандай қылмысы да, айыбы да жоқ. Егер «Желтоқсан көтерілісі» деген баға берілсе, онда қатысушыларға да «Желтоқсан көтерілісшілері» деген мәртебені қоса берер еді. Одан соң соған сәйкес, үкіметтен тиісті жеңілдігін алар ма еді. Ал қазір тек көтерілісте зардап шеккендер ғана жеңілдікке ие. Бұл да – дұрыс. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ желтоқсаншылардың арасында «Мен ақталғанмын. Сен ақталғансың ба?» дегендей әңгіме айтылып қалады. Яғни, «Желтоқсанда көтеріліс жасаған – мен. Сенің қандай қатысың бар?» деген шолақойлылық бар. Мұндайларға күліп қана қарайсың. Алматы қаласы бойынша 1 мың адам ақталған шығар. «Жарайды, Желтоқсан көтерілісін сіздер жасадыңыздар ғой. Біз сіздерді мойындаймыз» деп қоя саламыз. Ұяты барлар ұялады, ұялмайтындары төрге шығып алады. Өзім де ақталған жоқпын. Мұрағаттан суретімді тауып алсам, ақталуға толық қақым бар.

Бір кездері желтоқсаншылардың қозғалыс, ұйымдары көп еді. Қазір олардың бар-жоғы білінбей кетті. Неге? 

– 2000 жылдың басында Алматыға әкім болып Иманғали Тасмағамбетов келгеннен кейін желтоқсаншыларға жеңілдіктер, жер беріле бастаған еді.   Міне, сол кезде қозғалыс, ұйым, қоғамдық бірлестіктер көптеп ашылған-ды. Бәлкім, «Осы ұйым арқылы жер алып қаламыз ба?» деген пендеуи ойлар болған шығар. Оның біразы жұмыс істеді, кейбірі жай қағаз жүзінде ғана келе жатыр. Осыдан кейін көбі «Желтоқсаншылардың басы бірікпейді» деп ой түйіндейді. Бұл сол ұйымның көптігіне байланысты туған пікір. Кейбір азаматтар бәрінің басын қосуға талпынып көрді, бірақ ешқайсының қолынан келмеді. Оның үстіне билікке де олардың біртұтас болып, күшін біріктіріп, талап қойғаны тиімсіз деп ойлаймын. Яғни, бір арнаға түсуіне ынталы болған жоқ. Қазір әрқайсысы тып-тыныш күнін көріп келеді. Ал үкімет тарапынан ешқандай көмек берілмейді. Баяғыдай Алматы қаласында да жер қалмады, салынып жатқан тұрғын үй де жоқ дегендей.

Желтоқсан көтерілісінде сіз үшін нағыз қаһарман кім?

– Жаппай көтеріліске ұласқан соң біздің жастар мұздай құрсанған әскерге жалаң қолмен қарсы шықты ғой. Олардың қай-қайсысы да ерлік жасады. Алдыңғы шепке шығып, намысын жаныған батыр көп болды. Арасында қыздар да жетерлік еді. Оларды құтқарып қаламыз деп жігіттер жанталасып, отқа қарай ұмтылды. Бұл да ерлік. 4-5 сағат бойы жалындап тұрып алудың өзі батырлық.

Сол кезде билік қайтті? Назарбаев шығып қазақ жастарын «бұзақылар» деп айыптады. Ал ақын әрі депутат М.Шаханов бүкіл қазақ жастарын «ұлтшыл», «нашақор», «маскүнем» деп жала жауып жатқанда шыдай алмады. Ол ақындық мінезіне салды-дағы Мәскеуде мінберге шығып, «1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп көрсеткен. 5 мың, 10 мың, тіпті 100 мың адамды «ұлтшыл» деуге болар. Бірақ бүкіл қазақ халқын «ұлтшыл» деп кінәлауға болмайды. «Қазақ ұлтшылдығы» деген сөз бүкіл қазақ халқына тағылған айып. Біз халыққа жабылған ауыр айыпты алып тастап, әділеттілікті қалпына келтіруді сұраймыз» деген. Міне, содан кейін сең қозғала бастады. Сол үшін халық Шахановты құрмет тұтады.

2026 жылы Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толады. Бәлкім, Жаңа Қазақстан лайықты бағасын беретін шығар.

– Олай ойламаймын. Бұл тұрғыда пессимистік көзқарастамын. Себебі, әлгінде атап өткен саяси түйіндер әлі күнге сол қалпында қалып отыр. Тіпті, соңғы жылдары бұл қауіпті бола түсті. Мәселен, Украина мен Ресей арасындағы соғыс оты қандай себептен тұтанды? Орыс тілін ығыстыру сияқты дүниеден басталған жоқ па? Мұндай сылтау бізде де жетіп жатыр. Сондықтан әзір Желтоқсан көтерілісін лайықты дәрежеге көтереді дей алмаймын.

16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін тойлаймыз, ал неге 17 желтоқсан азаттық алуға жол ашқан айтулы күн ретінде ауқымды деңгейде аталып өтпейді?

– Желтоқсан көтерілісін «көтеріліс» деп ресми түрде мойындамағаннан кейін мұны қалайша айтулы күн ретінде атап өтеміз? Егер бұл күнді мейрам ретінде белгілесек, сөзсіз оның қатысушылары болуы керек емес пе? Олар еліміз бойынша 30-40 мың адам. Халық солармен бірге мерекелеуі керек еді. Сондықтан тарихи тұрғыдан «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деп мойындалмайынша, ешқашан 17 желтоқсан мейрам ретінде белгіленбейді. Өйткені, бұл Алматы қаласында ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да өтті. Бірақ ресми болмаса да, желтоқсаншыларды мектептерге, оқу орындарына шақырып, емен-жарқын кездесу өтіп тұрады. Соның арқасында Желтоқсан көтерілісінің идеясы ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бұрын Тарих оқулығында Желтоқсан көтерілісі туралы қысқа ғана, 3-4 жол ғана болды. Кейін 1,5 бетке ұлғайды. «Тарих өзгерсе, халықтың санасы өсіп кетеді. Тәуелсіздік рухы күшейе бастайды» деген де астыртын қорқыныш бар сияқты. Тарих – объективті құбылыс. Оны оңға, солға тартып бұрмалауға болмайды. Оқиға қалай болды, сол қалпында баяндалуы керек. Ал мұны бір мемлекеттің, немесе бір саясаткердің ыңғайына бұрып жазу – тарих емес. Желтоқсан көтерілісі жайында кітаптар да жарық көріп жатыр. Өйткені, жағдай тура осы күйінде қала береді деп кім айтты? Ертең Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі тәуелсіздікке бастау салған жол ретінде мойындалады. «Соған дейін ұмыт қалдырмай, ұрпақтың санасына сіңіру керек» деген ресми емес саясат жүріп жатқаны рас. Осының өзіне шүкір дейміз. Мұндай шараны өткізуге әкімшіліктің өздері де рұқсатын береді немесе көз жұмып қарайды. Сол күні еске алып, құрбандық шалып, монументке гүл шоғын қояды. Мұның бәрі желтоқсаншыларды қолдаудан туған ниет. Өйткені, билік халықтан ажырап қайда барады? Билік – халық бар кезде ғана билік.

Кейбіреулер «Желтоқсан көтерілісінде біз жеңіліс таптық» деп ойлайды. Не нәрсені нәтижесіне қарап бағалау керек. Желтоқсан көтерілісінің арқасында алып империя – Кеңестер одағы ыдырады. Өйткені, Желтоқсан көтерілісі республика бойынша ұлттық сананы оятты. Одан кейін іле-шала Балтық жағалауы елдерінде, Әзірбайжанда, Грузияда толқулар болды. Балтық елдері халқы тәуелсіздік алу жөнінде шеруге шыққанда әскері итпен қаруланған дейді. Содан үнсіз тарап кетіп, шеруге шыққандар ертесіне иттерін алып шығыпты. Итке қарсы итті алып шыққан ғой. Олар қазақ халқының ерлігін мойындады. Яғни, ұлт-азаттық көтерілісі резонанс туғызып, Кеңестер одағының тарауын жеделдетті және соған ықпал етуші детонатор болды.

Біз Тәуелсіздік алғалы бері айта-айта жауыр болған мәселе – 16 желтоқсаннан бұрын жаңажылдық мерекеге қызу кірісіп кететініміз жайында. Осы тұрғыда пікіріңіз қандай?

– 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні, келесі күн – 17-желтоқсан қазақ елінің тәуелсіздік үшін соңғы көтерілісі – Желтоқсан көтерілісі күні.

Желтоқсаншы ретінде ойымды айтсам, біреулер «Желтоқсан жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қояды. Ұрпақ оны ұмытады» деген уәж айтады. Ал өмірде біз кері жағдайды көріп отырмыз. Желтоқсан айының басынан бастап барлық оқу орындарында, мектепте, тіптен, балабақшада Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды шақырып, кездесулер өткізіп, бейнекөріністерді балаларға көрсетіп, Желтоқсанды дәріптеп, желтоқсаншыларға сый көрсетіп, мейлінше құрметтеп жатыр ғой. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, мен оны қалайша елемеуім керек? «Көлеңкеде қалып» жатқаны осы ма? Одан әрі, Тәуелсіздікке келіп тоқтайық. Ол күні – Тәуелсіздік тойланады. Тойласақ айып па? Ол – біздің халықтың ғасырлар бойғы ұлы арманының шаттық көрінісі емес пе? Қаншама жерден «желтоқсаншымын» десем де,  халқымыз аңсаған күнді атап өтуден бас тартуым керек пе? Бас тартсам, 1986 жылы 17 желтоқсанда алаңға шыққан күнімнен қандай мән-мағына қалады? Шындығында, Тәуелсіздік күні келер күнгі Желтоқсан көтерілісі күнін толықтырып тұрған жоқ па? Демек, Тәуелсіздік пен Желтоқсан көтерілісі егіз ұғым.

Сұхбаттасқан, Динара ДҮРМӘН, JM

Соңғы жазбасы

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика