Алматыда ҚР еңбек сіңірген әртісі, қазақтың жезтаңдай әншісі Мадина Ералиева рухына арналған ауқымды еске алу кеші өтті,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Республика сарайында өткен рухани кеш «Байтақ» жасылдар партиясы қолдауымен ұйымдастырылды. Кештің бастамашысы – партия төрағасының орынбасары Жұмабек Бастаубаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мәдени кештің негізгі мақсаты – Мадина Ералиеваның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық өнерге деген құрметті арттыру және оның рухани мұрасын келер ұрпаққа жеткізу.
Кешке келген көрермен тек ән тыңдап ғана қоймай арнайы ұйымдастырылған әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.
Ол жерде көзі тірісінде-ақ «Қазақтың Ақбаяны» атанған күміс көмей әншінің сахналық киімдері, сирек фотосуреттері және жеке мұрағат материалдары қойылған.
Концерт барысында Ералиеваның өнердегі замандастары мен ізбасарлары ол шырқаған әндерді орындап, естеліктерімен бөлісті.
Бұл – бір реттік концерт емес, ұлт руханиятына тағзым. Мадина Ералиеваның есімі мен өнері ұмытылмай, жас ұрпаққа аманат болып жетуі тиіс,-дейді кеш ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, Мәдина Ералиева – қазақ ән өнерінде өзіндік үнімен, сыршыл да нәзік орындауымен дараланған бірегей тұлға. Оның орындауындағы лирикалық әндер тыңдарман жүрегінен ерекше орын алып, ұлттық музыка мәдениетінің алтын қорына енді.

