Депутаттың өліміне қатысты тың деректер шықты

Жетісу облысында аудандық мәслихат депутатының  өліміне қатысты істің мән-жайы белгілі болды, деп хабарлады Jurtmedia.kz

Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Слямов Үшаралдағы құрылыс алаңында қайтыс болған.

Оқиға орнына полицейлер келген кезде күдікті 24 жастағы жергілікті тұрғынның жұмысшыларға қарсы шабуыл жасағаны белгілі болды. Сол жерде 34 жастағы ер адамды пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткенін анықтады, — деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қайғылы жағдайға қатысты хабарлама Алакөл аудандық ішкі істер бөліміне кеше сағат 15.25-те келіп түскен. Полицейлер оқиға орнына бес минуттың ішінде жеткен. Күдікті көп ұзамай ұсталды.  Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Марқұм Дәурен Слямов алған жарақатынан жедел жәрдем көлігінде көз жұмған.

Оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Еске салайық, кеше Жетісу облысы, Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Слямовтың қайтыс болғаны хабарланған. Ол аудандағы индустриялық-инновациялық және энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және коммуникация, экология мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі болған.