Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың санын көбейту арқылы бағаны шектеу – Үкімет үшін оңай жол болғанымен, мәселенің түпкі себебін шешпейді.
Jurtmedia порталы жауапты билік пен сарапшылардың пікірін тыңдай отырып, баға өсімін салыстырып көрді.
Инфляцияны тұрақтандыру мәселелері бойынша өткен кеңесте вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне азық-түлік қоржынына терең талдау жүргізіп, оның құрамына енетін тауарлардың бағасын тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.
Үкіметтің мәліметінше, қараша айының алғашқы жартысында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасында тағы да өсу байқалды. Дегенмен, бірқатар көкөністің бағасы арзандаған. Мысалы сәбіз 1,7%-ға, орамжапырақ 1,8%-ға, пияз 0,4%-ға арзандады. Дегенмен, картоп бағасы өсіп отыр. Ол соңғы аптада 0,2%-ға, қарашаның алғашқы екі аптасында 2,2%-ға көтерілді. Ел бойынша картоптың орташа бағасы — килограмына 188 теңге.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, картоп бағасының соңғы 4-5 аптада 4,5%-ға қымбаттауына экспорттың қайта жандануы әсер еткен.
«Екі айда картоп экспорты 300 мың тоннаны құрады. Ал жақын уақытқа жоспарланған экспорттық келісімшарттар көлемі шамамен 200 мың тонна. Осылайша, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін қауіпсіз болып саналатын 500 мың тонналық жоспарлы шекке жақындап келеміз», — деді Айжан Бижанова.
Вице-премьер Сауда және интеграция министрлігіне картоп қорының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету мәселесін Сыртқы саясат және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізуді тапсырды.
Қарашаның екі аптасы ішінде тауық жұмыртқасы мен құс етінің бағасы да 0,4%-ға өсті. Айжан Бижанованың айтуынша, күнбағыс майын өндірушілер құс фабрикаларын жем өндірісіне қажетті арзандатылған май көлемімен қамтамасыз еткен. Бағаны ұстап тұру үшін арзандатылған астық та қажет. Осыған байланысты Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясына қысқа мерзімде құс фабрикаларын резервтен жемдік астықпен қамтамасыз етуді және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде қолжетімді құс етінің көлемін арттыруды тапсырды.
Қарақұмық жармасының бағасы қараша айының алғашқы екі аптасында 1,3%-ға қымбаттағандықтан, Азық-түлік корпорациясына бұл өнімнің қосымша көлемін тұрақтандыру қорларына тікелей сатып алып беру арқылы толықтыру міндеті жүктелді.
Коммуналдық қызмет тарифтерін өзгерту уақытша тоқтатылған. Қазіргі таңда инфляцияға ықпал етіп отырған және мемлекеттік шаралармен реттеуге болатын негізгі фактор — азық-түлік тауарлары.
«Бұл тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерге ғана емес, азық-түлік қоржынына кіретін әрі мемлекеттік реттеу аясынан тыс қалған барлық тауарларға да қатысты. Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік қоржынының құрамына талдау жүргізіп, бағаны тұрақтандыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс», — деді Серік Жұманғарин.
Бірақ сарапшының сөзінше, халық бәрібір қымбатшылықтан қысылып отыр. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, елдегі инфляция 12,5–13 пайызға дейін өссе де, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік қолдау түрлері өзгеріссіз қалып отыр. Соның салдарынан әсіресе әлеуметтік осал топтардың жағдайы ауырлаған.
Үкімет бұл қадамды “халыққа қолайлы жағдай жасаймыз” деп түсіндіруге тырысқанымен, сарапшы мұндай тәсілдің нәтижесіз екенін айтады.
“Баға сұранысқа байланысты өседі. Мұны Үкімет жақсы біледі. Ал жалақы жыл сайын 10 пайызға көтерілген сайын сұраныс артып, инфляция күшейе береді. Бұл мәселені билік ұзақ жылдар бойы шектей алмай келеді”, – дейді Жобаев.
Ол 2019 жылы президент көтерген прогрессивті салықты енгізу ұсынысы әлі толық жүзеге аспағанын атап өтті. Экономистің пікірінше, орташа жалақыдан бірнеше есе көп табыс табатын адамдарға жоғары салық салынса, одан түсетін қаржыны 2 миллионға жуық әлеуметтік аз қамтылған азаматқа бағыттауға болар еді.
“Бағаны тежеу – уақытша қадам. Біз мұның нәтижесін көктемде картоп бағасы 450–500 теңгеге шарықтағанда көрдік. Баға 15 пайыздан асса да, ешкім тоқтатпады”, – дейді ол.
Сарапшы коммуналдық төлемдер мен жанар-жағармай бағасын жасанды ұстап тұру да тиімсіз екенін айтады, себебі бұл салаларда жұмыс істейтіндердің жалақысы да өсуі қажет.
Жобаевтың айтуынша, Қазақстанда шамамен 1 миллионға жуық адам – ауқатты топ. Солардың табысына әділ салық салынбайынша, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсармайды.
Оның пікірінше, 2026 жылғы бюджетте әлеуметтік шығыстардың 40,8%-дан 38,8%-ға төмендеуі – биліктің басымдықтары кім жағында екенін ашық көрсетеді.
