Фото: Instagram/bakyt_turman
Әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жұбайы Бақыт Тұрман Мөлдір Мұқанованың «Шай в большом городе» фильмін жер-жебіріне жеткізіп жамандады, деп хабарлайды Jurtmedia порталы.
«Жалпы, сіздер аты шыққан Мөлдір Мұқанованың сұхбатын көрген шығарсыздар. Иә, оны барлығымыз дерлік көрдік, бүкіл елге тарап кетті. Мен де қарап шықтым, себебі алыстан танитын адамдар емес. Шынын айтсам, әр адамның отбасындағы мәселелер маған қызық емес, жағдайдың қалай болғанын да білмеймін. Бірақ ол өзі айтып түсіндіргеннен кейін ғана назар аудардым. Бұл фильм сол интервьюдің кинолық нұсқасы десем болады. Яғни, сұхбатта көтерілген барлық сұрақтар бұл жерде ирония, романтикалық оқиғалар және астарлы түрде беріледі», — деді Бақыт Тұрман.
Әзілкештің әйелі фильмнен көрген кемшіліктерін тізбектеп өтті.
«Әдеттегідей, көрген минустарды айта кетейін. Бірінші кезекте актерлік құрам. Өте әлсіз. Фильмде кәсіби тәжірибесі жоқ, мүлдем танымайтын адамдар көп. Мүмкін, Мөлдір ханымның құрбылары, таныстары немесе демеушілері шығар, білмеймін. Бірақ олардың актерлік қабілетінің жоқтығы қатты байқалады. Журналистер, Астананың «жұлдыз» ханымдары да жүр. Бұл әрине маркетинг болуы мүмкін, бірақ фильмнің шынайылығына кері әсер еткен», — деді ол.
Бақыт Тұрман атағандай, актерлік құрамның ішінде кино саласында тәжірибесі бар жалғыз адам – Ақерке Арыс.
«Ол да кәсіби актер емес. Дегенмен, фильмдегі жалғыз күлкілі сәттерді алып шыққан сол. Басқа юмор, сатира жоқтың қасы. Сондықтан мұны комедия деп айту қиын. Фильмде блогерлер, актер-модель жігіттер әр жерден жиналған адамдар бар. Ал жалпы идеяға келсек, бүкіл халыққа арналған, үлкен табыс әкелетін кино үшін өте әлсіз. Басқа, мықтырақ идея ойластырған дұрыс болар еді. Тағы бір минус – костюмдер. Киім стилі тым ескі, шамамен он жыл бұрынғы отандық фильмдердің кезеңін еске салады. Қазіргі заманауи киноға мүлдем сай емес, тіпті фильмді арзандатып көрсетеді. Ең көп көзге және құлаққа түскені – дубляж бен дыбыстың сапасы. Кез келген кинода дыбыс дұрыс берілуі керек: бір зат құласа – дыбыс шығуы қажет. Ал бұл фильмде ондай сәттерде дыбыс жоқ. Жалпы дыбысталуы әлсіз, әр кадрдың акустикалық шешімі дұрыс орындалмаған», — дейді ол.
Бақыт Тұрман дегенмен, еңбек бар екенін мойындап отыр.
«Продюсердің қаржысы, режиссердің жұмысы, сценарист, оператор – бәрінің еңбегі тұр. Өз деңгейінде нәтиже көрсеткен тұстары да бар. Бірақ миллиард жинаған отандық танымал фильмдермен салыстыруға келмейді. Бұл – мүлдем басқа деңгей. Бармаңыз деп айтпаймын. Көргіңіз келсе көріңіз. Тек бұл фильм үлкен жобалармен бәсекеге қабілетті емес екенін ескерген жөн. Менің бұл пікірім қызғаныштан немесе жеке көзқарастардан туған ой емес. Әр еңбектің бағасы бар, мен тек өз субъективті пікірімді айтып отырмын. Келісе аласыз, келіспейсіз ол өз еркіңіз. Пікірді объективті қабылдаңыздар», — деп айтты ол.
Еске салсақ, Мөлдір Мұқанова Тұрсынбек Қабатовпен ажырасқанын айтқан соң, өз фильмінің премьерасын өткізген еді.
