Тоқаев Кореядағы қазақтармен кездесіп Сеулдегі этноауылға барды

Мемлекет басшысы Кореяда оқып жатқан және еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесіп емен-жарқын әңгімелесті,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Президент отандастарымызбен жүздесуде елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталды.

Кореядағы қазақстандықтар оқуда, қызметте қол жеткізген табыстарын тілге тиек етіп, мақсат-межелерін айтып өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяда тұратын Қазақстан азаматтары мен студенттерге сәттілік тіледі. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы корея Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Чо Чжон Шикпен бірген қазақ этно ауылына ат басын тіреді.

Сеулдің Ханган саябағында орналасқан этноауылда мәртебелі меймандарға қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ұлттық сәндік-қолданбалы өнері, ән-күйі мен мәдени жәдігерлердің заманауи үлгілері таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шик киіз үйді аралап көріп, қазақ халқының бірегей мұралары айшықталған «Жеті қазына» голографиялық инсталляциясын тамашалады.

Этноауылда қазақ шеберлерінің қолынан шыққан дәстүрлі зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен киізден жасалған заттар көрмеге қойылған.

Меймандарға домбыра, дауылпаз, жетіген секілді ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған музыкалық бағдарлама ұсынылды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика