Белгілі библиограф-ғалым Қоңыр Мұқатайқызы 75 жаста

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Цифрландыру дәуіріндегі баспа ісі және кітаптану: заманауи үрдістер және даму болашағы» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, филология ғылымдарының кандидаты, библиограф-ғалым, баспагер, ұлағатты ұстаз Қоңыр Мұқатайқызының 75 жылдық мерейтойына арналған шараны ұлттық университеттің журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырды. Шарға еліміздің түпкір-түпкірінен ғалымның замандастары, әріптестері мен шәкірттері және БАҚ өкілдері қатысты.

Журналистика факультетінің Т.Қожакеев атындағы №230 мәжіліс залында өткен конференцияны ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Өміржанұлы Жақып модераторлық етіп, келген қонақтарды бірнеше тілде еркін таныстырып, жүйелі жүргізіп отырды.

Универсиет басшылығы атынан аталған шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Құмарғалиұлы Мекебаев арнайы келіп, Баспа және полиграфия ісінің қайраткері Қоңыр Мұқатайқызының иығына камзол кигізіп,  кеудесіне «Әл-Фараби» алтын медалін тақты. Сонымен қатар, ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. 

Ары қарай тақырыпқа сай баяндамаға кезек беріліп, бұл бөлімді де Бауыржан Өміржанұлы өзі бастап, ары қарай осы ғылыми һәм рухани жиынға арнайы келген мерейтой иесінің замандастары мен сала ғалымдарына сөз кезегін ұсынды.

Баяндама жасағандардың қатарында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеуші-ғалым Сағатбек Медеубекұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, журналист Өтеген Оралбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқазы  Қорабай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, М.Әуезов атындағы драма театрының актері Айдос Бектеміров, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Балтабай Әбдіғазиұлы, филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Альмира  Қалиева, Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа  Таңжарықова, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек  Баймолдаев, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гауһар Балтабаева және ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Салменбаевалар сөз сөйлеп, бүгінгі таңдағы цифрландыру дәуіріндегі баспа ісі және кітаптану мәселелеріне жан-жақты тоқталып, саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан мерейтой иесінің еңбегін ерекше атап өтіп, сый-сияпаттарын жасады.

Шара соңына қарай «Цифрландыру дәуіріндегі баспа ісі және кітаптану: заманауи үрдістер және даму болашағы» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияның арнайы жарық көрген жинағының таныстырылымы болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы оқуын бітіргеннен кейін ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында ұзақ жылдар бойы библиограф, редактор, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары қызметінде бола жүріп Қазақстандағы баспа ісінің қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан Қоңыр Мұқатайқызының мерейтойына арналған конференция қатысқан студент жастарға мол мағлұмат пен өмірлік тәжірибе берерлік шара болды.  

Айта кетейік, мерейтой иесі еліміздің баспа саласында ұлттық стандарттарды қалыптастыру мен ұлттық ISBN жүйесін енгізу ісінің басы-қасында болған. Сондай-ақ ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы жүйелейтін кітаптар шығарылымы, газет-журналдардың библиографиялық көрсеткіштерін шығаруда зор үлес қосқан ғалым.

Фото: Автордан

Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ, JM

Соңғы жазбасы

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика