Астанада мас күйінде көлік жүргізген азамат бас бостандығынан айырылды

Бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған тұлға ойын-сауық мекемесінде алкогольдік ішімдік ішіп, рөлге отырған, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттықө сараптамалық порталы.

Бұған дейін сот қаулысы негізінде сотталған азамат ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған.

   Кінәлі өзінің жүргізуші куәлігінен айырылғандығын біле тұра,  көлікті алкогольдік масаң күйде айдап, қарсы бағытқа шығып, басқа көлікпен соқтығысқан. Сот үкімімен кінәлі тұлға ҚК-нің 346-бабының 2-бөлігі бойынша өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырыла отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, — делінген Астана қаласы прокуратурасы берген ақпаратта. 

Үкім заңды күшіне енді.