Тоқаев алдағы уақытта лауазымды қызметтерге қандай мамандарды тағайындайтынын айтты

Мемлекет басшысы бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырсынның соңында ел дамуы үшін алдағы уақытта Үкімет тарапынан атқарылатын жұмыстардың бағытын атап өтті, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы,  Aqorda-ға сілтеме жасай отырып.

Ол өз сөзінде негізгі төрт бағытқа басымдық берілуі керектігін айтты. Сонымен қатар ел дамуы үшін отаншыл кадрлар қажет екенін тілге тиек етті.

Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері.
Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек.
Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз,-деді Президент. 

Ол сонымен қатар негізгі мақсат нақты нәтижеге жұмыс істеу керектігін нақтылады.

Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет.

Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады,-деп түйіндеді сөзін Қ. Тоқаев.