Түркия билігі Батуми қаласында «Бешикташ» пен израильдік «Хапоэль» командалары арасындағы матч кезінде болған қақтығысты тергеуді талап етті. Оқиғаға байланысты УЕФА да арнайы тексеру бастады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан грузин полициясының түрік жанкүйерлеріне қатысты әрекетін орынсыз деп бағалады. 27 қарашада Түркия Сыртқы істер министрлігі Грузия елшісін шақырып, жанкүйерлерге шамадан тыс күш қолданылған болуы мүмкін деген уәжбен ресми тергеу жүргізуді талап етті.
Өз кезегінде УЕФА оқиғаның мән-жайын анықтау үшін этика және тәртіп жөніндегі инспекторларды тағайындады.
Айта кетейік, 26 қарашада болған қақтығыстан кейін Грузия полициясы «Бешикташтың» 16 жанкүйерін ұстаған. Алайда келесі күні олардың барлығы босатылып, елге қайтуына мүмкіндік берілген.
Грузия тарапы жанкүйерлердің полицияға бөтелке мен тас лақтырып, қала инфрақұрылымына зиян келтіргенін мәлімдеді. Ал Түркия полицияның шамадан тыс күш қолданғанын тексеруді талап етіп отыр. Жанжал салдарынан матч шамамен 30 минутқа тоқтатылды. Ойын қайта жалғасқаннан кейін «Бешикташ» 2:1 есебімен жеңіске жетті.
