Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның мәлімдеуінше, оқу жылы басталғалы бері құқық қорғау органдары 566 құқық бұзушылықтың жолын кескен. Соның ішінде 23 ұсақ бұзақылық дерегі, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 фактісі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 жағдайы тіркелген.
«Студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітілген. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, өткізу режимі қамтамасыз етіліп жатыр. Сонымен қатар жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Студенттермен және оқытушылармен кездесулер, дәрістер, түсіндіру жұмыстары мен дөңгелек үстелдерді қамтитын 207 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді», деді Құралай Карина.
Министрлік өкілдері жоғары оқу орындарының әкімшіліктеріне зорлық-зомбылық фактілерін жасыруға немесе білім алушылардың шағымдарын елеусіз қалдыруға болмайтынын ескертті.
Сондай-ақ қорқыту, бопсалау және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің құрбаны болған немесе куәгері атанған студенттерге полицияға дереу хабарласу қажеттігі айтылды.
