Түркістан облысында Қазығұрт аудандық ауруханасына медициналық жабдық сатып алу кезінде 117 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылған. Сот бұрынғы бас дәрігерді 8 жылға, ал кәсіпкерді 7 жылға бас бостандығынан айырды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұрынғы бас дәрігер мен кәсіпкер реанимация бөліміндегі науқастарға қажетті оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Тергеу барысында медициналық кешен бірнеше бөлек тауарға бөлініп, сатып алу жұмыстары өздеріне бағынышты компаниялар арқылы нарықтағы бағадан жоғары құнмен рәсімделгені анықталған. Ал жабдықты жеткізу және орнату жұмыстарын іс жүзінде басқа ұйым атқарған.
Нәтижесінде мемлекетке 117 млн теңге көлемінде залал келген. Қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігіне жылжымайтын мүлік сатып алынып, туысының атына рәсімделген. Сот үкімімен бұрынғы бас дәрігер 8 жылға, кәсіпкер 7 жылға сотталды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне Астанадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
