Отандық антропология ғылымының негізін қалаған ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов 97 жасқа қараған шағында қайтыс болды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қайғылы қазаны Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры, тарихшы Берік Әбдіғалиұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. Ол бүкіл ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арнап, Қазақстанда антропология ғылымының негізін қалады. Ғалымның іргелі зерттеулері мен ғылыми еңбектері ұлттық тарихымызды терең тануға өлшеусіз үлес қосты. Ол бірнеше буын зерттеушілерге жол көрсеткен ұлағатты ұстаз, отандық ғылымның көрнекті өкілі болды,- деп жазды ол.
Оразақ Смағұлұлы 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ұялысай ауылында дүниеге келген. Ол қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы (1984), профессор, ҚР ҰҒА академигі.
