Астанада таеквондодан әлемдік Гран-при финалы өтеді

2026 жылғы 27-29 қарашада Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондо және пара таеквондодан World Taekwondo Grand Prix Final 2026 халықаралық турнирі өтеді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы

Қазақстан бұл жарысты алғаш рет қабылдайды.

G-10 санатындағы додаға әлемнің 38 елінен 128 таеквондошы қатысады деп жоспарланған. Олардың қатарында алты Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының 13 жүлдегері, 15 әлем чемпионы бар.

Жарыс Олимпиадалық бағдарламаның сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтеді.

Қазақстан намысын төрт спортшы қорғайды:

  • Батырхан Төлеуғали (–80 келі);
  • Тамирлан Тілеулес (–58 келі);
  • Мария Севостьянова (–57 келі);
  • Рита Бакишева (–49 келі).

Айта кетейік, Мария Севостьянова биыл Парижде өткен Grand Prix кезеңінде қола медаль жеңіп алған.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздарға 100, күміс жүлдегерлерге 60, қола жүлдегерлерге 36 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу кезеңінде маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар 27 қарашада пара таеквондодан Grand Prix финалы өтеді. K44 спорт класындағы жарысқа 25 елден 70-ке жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Олар да 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу үшін рейтингтік ұпайларға таласады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика