Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бассейндік инспекциялары жыл басынан бері су заңнамасының талаптарының сақталуына бақылау жүргізу барысында заңсыз құрылыс салудың 18 дерегін анықтаған.
Әрбір дерекке қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот шешімі шығарылды. Нәтижесінде заңсыз тұрғызылған немесе құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды мәжбүрлеп бұзу туралы шешім қабылданып, құқық бұзушыларға жалпы көлемі 12,7 миллион теңге айыппұл салынды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бассейндік инспекциялар су заңнамасының талаптарын сақтаумен тұрақты түрде тексеру жүргізеді. Сонымен қатар Бас прокуратурамен бірлесіп қабылданған «Судың қара нарығымен» күрес жөніндегі Жол картасы аясында да бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр.
Су ресурстары және ирригация вице-министрінің бірінші орынбасары Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, былтыр қабылданған жаңа Су кодексі бассейндік инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейтіп, су нысандарын қорғауға қатысты нақты талаптарды бекіткен.
Айта кетейік, жаңа Су кодексіне сәйкес, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге белгіленген талаптар сақталып, бассейндік су инспекцияларымен келісілген жағдайда ғана рұқсат беріледі. Ал заң талаптарын бұзғандарға әкімшілік айыппұл салынып, заңсыз салынған құрылыстар мәжбүрлі түрде бұзылады.
