Қытай азаматы ақтөбелік қалыңдығынан ақшасын қайтара алмай жүр

Қытай азаматы ақтөбелік сүйіктісіне үйлену үшін үш жыл бойы қаржылай көмектесіп, оның отбасына шамамен 30 миллион теңге мен алтын бұйымдар берген,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Алайда той қарсаңында «қалыңдықтың анасы қайтыс болды» деген ақпараттың жалған екені анықталған. Енді шетелдік азамат ақшасы мен мүлкін қайтаруға тырысып жатыр.

35 жастағы Қытай азаматының айтуынша, ол үш жыл бойы сүйіктісінің оқу ақысын, ипотекасын және туысының ем-дом шығындарын төлеген. Сондай-ақ 150 адамға арналған тойға ақша аударып, қалыңмал ретінде алтын бұйымдар табыстаған. Алайда үйлену тойына аз уақыт қалғанда мейрамхананың брондалмағаны, ал қалыңдықтың қайтыс болды деген анасының тірі екені белгілі болған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шетелдік азаматтың арызымен тергеу жүргізілген. Бірақ қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, іс тоқтатылған. Бұл шешім прокуратурамен келісілген.

Полиция ер адамға ақшасы мен мүлкін қайтару үшін азаматтық сотқа жүгіну құқығы түсіндірілгенін хабарлады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика