Тоқаев «ҚазМұнайГаз» басшысына бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы

Кездесуде компанияның 2026 жылдың алғашқы он айындағы қызметінің нәтижелері мен алдағы жоспарлары талқыланды.

Асхат Хасеновтің айтуынша, бүгінде «ҚазМұнайГаз» капиталы 22 триллион теңгені құрайды. Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты. Бұл жалпы құны 16,7 триллион теңге болатын ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында компания басшысы 2026–2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы қабылданғанын баяндады. Бағдарлама аясында 23 жоба бойынша 60 мың шақырым аумақта сейсмикалық барлау жүргізіліп, жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға тең 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Атырау облысындағы Батыс Қарасор және Маңғыстау облысындағы Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталған. Компания қолданыстағы активтерде қосымша барлау жұмыстарын жүргізіп, жасанды интеллект көмегімен кен орындарының цифрлық телнұсқаларын енгізіп жатыр.

Асхат Хасенов тауарлық газ өндіру көлемін қысқа мерзімде 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар туралы да мәлімет берді. Қазір Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасуда.

Мұнай өңдеу саласында есепті кезеңде отандық зауыттарда 14,9 миллион тонна мұнай өңделген. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын жылына 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынған.

Кездесуде Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларының, соның ішінде полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешенінің құрылысы да сөз болды.

Әлеуметтік және экологиялық бастамаларға да назар аударылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика