Астанада ғылыми жобаны жүзеге асыруға бөлінген мемлекеттік гранттың 297 миллион теңгеден астам қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Күдіктілердің бірі ақшаның бір бөлігін автокөліктерді лизингке алуға және пәтер сатып алуға жұмсаған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыру үшін «Ғылым қоры» АҚ-нан 350 миллион теңгеге дейін грант алған.
Алайда бөлінген қаражат өндірістік жабдықтар мен шикізат сатып алудың орнына, кәсіпкердің бақылауындағы компаниялардың шоттарына аударылған. Жоба аясында техникалық талаптарға сай келмейтін екі қондырғы сатып алынған. Соның салдарынан өндірісте дайын өнім шығарылмаған.
Тергеу барысында мемлекетке 297 миллион теңгеден астам залал келгені анықталды. Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі автокөліктерді лизингке алудың бастапқы жарнасына жұмсалған.Сонымен қатар жобаның орындалуын бақылауға жауапты мекеме қызметкері 1,7 миллион теңге заңсыз сыйақы алған. Ол анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актісіне енгізбей, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ықпал еткен.
Қазір екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және өндірістік жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
