Жазушылар Одағына жаңару қажет

Абайтанушы-ғалым Алмахан Мұхаметқалиқызының жуырда әлеуметтік желідегі жазбасы әдеби ортада қызу талқылауға ұласты.  Әңгіме арқауына  Жазушылар Одағына мүшелікке қабылдау талаптарының әлсіреуі, шығармалардың көркемдік деңгейі мен қаламгерлерді іріктеуі негіз болып отыр.

Оның пайымынша, Одаққа мүшелікке өту бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Бұл үшін бір-екі кітап шығарсаң, жеткілікті. Ал кітаптың оқырманға қажеті бар-жоғы, мазмұны мен әдеби сапасы қаншалықты сарапталатыны күмән тудырады. Ақын өз жазбасында бір автордың бұрын жарық көрген шығармаларын кейінгі кітаптарына қайта енгізу, мүшелікке қабылдау кезінде туындылардың мазмұны мен көркемдік деңгейіне жеткілікті назар аудармау секілді мәселелерді де көтерген.

Бұл пікір әдебиет айналасындағы көптен бері айтылып жүрген күмәнді қайта қозғады. Әсіресе, жазушы деген мәртебенің қадірі мен оған қойылатын кәсіби талаптың сақталуы төңірегіндегі сұрақтар алдыңғы қатарға шықты. Осы жазбадан кейін әлеуметтік желіде қаламгерлер арасында ғана емес, қарапайым оқырман арасында да пікір қайшылығы байқалды. Бірі ақынның сынына қосылып, Одаққа қабылдау жүйесін қайта қарау қажеттігін айтса, енді бірі мұндай мәселелерді ашық талқылаудың өзі әдеби ортаның ішкі ахуалын көрсететінін алға тартты.

Халық пікіріне назар аударсақ, кейбір одақ мүшелерінің кітаптарын оқитын оқырман жоқ.  Тіпті бұрынғы кітаптарындағы өлеңдері мен әңгімелерін жаңа жинағына қайта енгізетіндер де бар. Бұдан бөлек, Одақ төңірегіндегі сыйлықтар мен байқаулардың әділдігіне күмән келтіріп, талантты жастардың назардан тыс қалып жүргенін алға тартады. «Сыйлықтар мен конкурстарды бір топ адам өзара бөлісіп алатындай көрінеді. Талантты жастарға тиісті мүмкіндік берілмейді. Әдебиеттің дамуы үшін ең алдымен әділдік керек», дейді жұрт жазған пікірдің денінде. Сондай-ақ кейбір оқырмандар соңғы жылдары Одаққа қабылданғандардың арасында әдебиетке еңбегі сіңбеген, шығармашылық әлеуеті күмәнді адамдардың да бар екенін айтып, мүшелік мәртебесінің құнсыздануына алаңдаушылық білдірген.

«Одаққа соңғы уақытта кімдер кірмеді? Плагиаттар, алаяқтар, әдебиеттің исі мұрнына бармайтындар, тіпті кітап оқымағандар да мүшелікке өтіп алды. Бұл кәдімгідей науқанға айналды. Бүгінде кез келген жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін дегенді естігенде, осы мәртебенің қадірі туралы ойланасың. Қасиетті қарашаңырақ Авгийдің ат қорасына айналып бара жатыр», деген пікірлер де жарияланды.

Әрине, әлеуметтік желідегі мұндай жазбалар – қоғамдық пікір мен жеке көзқарастың көрінісі. Ондағы айтылған сындар нақты деректермен және тиісті тараптардың түсініктемесімен саралануы қажет. Дегенмен пікірлердің көптігі мен көтерілген мәселелердің ұқсастығы әдеби ортада шешімін күткен сауалдардың бар екенін аңғартады.

Жазушылар одағы мүшелерінің санының бұлай аспандауы және ұйымға қабылдау талаптарының жеңілдігіне қатысты пікірлерді бұрынғы Одақ хатшысы, 1989 жылдан бері КСРО Жазушылар одағының мүшесі Бигелді Ғабдуллин де айтып отыр. Оның пайымынша, мүшелер санының шамадан тыс өсуі Одаққа мүшеліктің ғана емес, «жазушы» деген мәртебенің де қадірін төмендетуі мүмкін.

«Осылайша Одаққа мүшеліктің қадірін, тіпті жазушы деген аттың өзін арзандатып алмаймыз ба деген сауал туындайды. Халықаралық Қазақ ПЕН-клубын басқарамын. Бұл – штаб-пәтері Лондонда орналасқан, 140-қа жуық ұлттық орталықты біріктіретін халықаралық ПЕН-клубтар қозғалысының құрамындағы тәуелсіз, үкіметтік емес ұйым. Сонымен қатар 1989 жылдан бері КСРО Жазушылар одағының мүшесімін, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін де атқардым. Сондықтан бұл мәселеге қатысты өз көзқарасымды білдіруге негізім бар деп есептеймін», дейді ол.

Айтуынша, осы күні Одаққа мүше болу үшін екі-үш кітаптың болуы және ұйымның үш мүшесінен ұсыныс алу жеткілікті. Мұндай талаптарды орындау аса қиын емес. «Әсіресе кітапты өз қаражатыңа шығаруға мүмкіндік болса. Меніңше, мүшелер санының күрт өсуіне осы жағдай да әсер етіп отыр. Екінші жағы да бар. Қазір нарық заманы болғандықтан, Одаққа мүшелікке өтудің де өзіндік құны бар деген әңгімелерді естіп жүрміз. Ақшаңды төледің, болды, сен де жазушы атанасың деген пікірлер бар. Бұл өсек те болуы мүмкін. Дегенмен осындай әңгіменің әдеби ортада айтылуының өзі ұйымның мүшелікке қабылдау тәртібіне қатысты ашықтық пен талаптың маңызын көрсетеді», деп отыр Бигелді Ғабдуллин.

Оның сөзінше, Халықаралық Қазақ ПЕН-клубына жаңа мүшелер қабылдауда талап қатаң. «Мысалы, біз жылына бес-алты адамнан артық қабылдамаймыз. Олар, әдетте, Қазақстанда ғана емес, шетелде де танылған, шығармашылығы мойындалған қаламгерлер. Өйткені ұйымға мүшелік жай ғана куәлік алу емес, белгілі бір әдеби бедел мен шығармашылық абыройдың белгісі болуы керек. Саннан сапа жоғары. Жазушылар одағына мүшелікке қабылдауда да осы қағида басшылыққа алынуы қажет. «Қаламгердің қанша кітабы жарық көргенінен бұрын, сол шығармалардың әдеби құндылығы мен оқырманға берер әсеріне назар аударған жөн. Себебі жазушы мәртебесі құжатпен емес, ең алдымен шығармашылық еңбегімен, талантымен және әдебиетке қосқан үлесімен өлшенеді», дейді ол.

Ал ақын әрі Одақ мүшесі Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы мәселені мүшелер санымен ғана байланыстыруға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, Одақтың басты міндеті – жас қаламгерлердің кәсіби қалыптасуына жағдай жасау, шығармашылық әлеуетті тиімді пайдалану және әдебиеттің сапасын арттыру.

Ол «Біріншіден, мүшелер санының өсуі әдебиеттің сапасына тікелей әсер етпейді. Қаламгерлер қатарының көбеюі әдебиеттің сапасын өздігінен арттырмайды да, төмендетпейді де. Әдебиеттің деңгейін көтеру үшін ең алдымен кәсіби тәрбие мен жүйелі білім беру мәселесіне басымдық қажет. Жазушылар одағы ұйымдастыратын он күндік әдеби курстар жас ақын-жазушыларды қалыптастыруға жеткіліксіз. Поэзияны терең меңгерген ұстаздар ақындарды, ал проза табиғатын жетік білетін мамандар прозашыларды бірнеше ай бойы арнайы бағдарлама негізінде тәрбиелеуі керек», деп отыр. Оның айтуынша, ол 2017 жылдан бері поэзия мен проза бағытында жүздеген шәкірт тәрбиелеп келеді. Өкінішке қарай, Одақ осы тәжірибені пайдаланып, әдеби сабақтарға шақырмайды екен. Көбіне мұндай курстарға аға буын өкілдері тартылады. Бірақ жас қаламгерлерді кәсіби тұрғыда шыңдау үшін әр буынның тәжірибесі мен білімін ұштастырған жөн. Осы уақытқа дейін ұйымдастырылған үйрену курстарының нақты нәтижесі де көңіл көншітпейді. Сондықтан ол Одақтың жанынан тұрақты жұмыс істейтін, жас таланттарды жүйелі түрде тәрбиелейтін әдеби мектеп қалыптастыру қажет деп санайды.

Екіншіден, 1300-ден астам қаламгердің бір ұйымға бірігуі – үлкен әлеует. Алайда қазір Одақ аясында ұйымдастырылып жатқан шаралар мен жобалар мүшелердің аз ғана бөлігін қамтиды. Кейбір жиындарға 20-30 адам ғана қатысса, бірнеше жылға созылған әдеби жобалардың өзіне жүзге жуық қаламгер тартылады. Демек, ұйымның барлық мүшесін ортақ іске жұмылдыратын, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға бағытталған ауқымды бастамалар қажет.

Үшіншіден, жас қаламгерлердің баспана немесе материалдық сыйақы күту мәселесіне келгенде, жастардың басым бөлігі мұндай үмітке аса сенім арта бермейді. Мысалы, биыл екі жас қаламгерге баспана берілгенімен, бұл мыңнан астам мүшенің барлығына бірдей қолжетімді мүмкіндік емес. Осындай игіліктерге қол жеткізу үшін басшылықпен жақын қарым-қатынаста болу керек деген түсініктің қалыптасуы да ұйымның әділдігіне деген сенімге кері әсер етуі мүмкін. Байқаулардағы сыйақылардың көбіне аға буын өкілдеріне берілуі де жастардың үмітін азайтады.

Жас қаламгерге материалдық сыйдан бұрын шығармашылық еркіндік, әділ бағалау, кәсіби өсу және өз шығармасын оқырманға таныту мүмкіндігі де қажет. Әсіресе жас таланттардың туындылары «Қазақ әдебиеті» секілді басылымдарда дер кезінде жарияланып, олардың шығармашылығына таныстық пен жеке қарым-қатынасқа емес, көркемдік деңгейі мен талантқа қарай баға берілгені жөн екенін жеткізді. Бүгінгі Жазушылар одағының жағдайын ол бір ауыз сөзбен «Жазушылар одағына жаңару қажет» деп отыр.

Осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Жазушылар одағының қазіргі басшылығына да, бұрынғы басшыларына да хабарласып, әлеуметтік желіде көтерілген сындарға қатысты пікірін сұрадық. Алайда тараптар әңгімені бастамай жатып ерте үзді. Ал бұл мәселеге қатысты Одақтың ресми ұстанымы мен нақты түсініктемесі қоғам үшін маңызды болып отыр. Себебі сөз болып отырған ұйым – жекелеген қаламгерлердің ғана емес, тұтас ұлттық әдебиеттің тағдырына қатысы бар рухани институт емес пе?

Әлде басшылықтың үнсіздігі ғасырға жуық тарихы бар, қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан шығармашылық ұйымның айналасындағы бұл әңгіменің растығын білдіре ме?  Тарихи деректерге сүйенсек, 1990 жылы Жазушылар одағының мүшелері 600-ден асқан. 1991-1996 жылдары ұйымды басқарған Қалдарбек Найманбаевтың тұсында бұл көрсеткіш 700-ге жуықтапты. Кейінгі жылдары мүшелікке қабылдау талаптары күшейтіліп, әсіресе Нұрлан Оразалин басқарған кезеңде шығармашылық іріктеуге басымдық берілген. Ал қазір Одақ мүшелерінің саны 1000-нан асып, кей деректерде 1300-ден асқаны көрсетілген. Әрине, мүшелер санының артуы анау айтқандай құбылыс емес. Әдебиетке жаңа есімдердің келуі, жас қаламгерлердің шығармашылық ұйымға қосылуы – табиғи үдеріс. Алайда мәселе осы санның артында тұрған шығармашылық сапада болып тұр.

 

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика