Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаевамен өтетін қорытынды партияға қатысудан бас тартты,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Оқиға 17 қарашада Венгрия астанасы Будапештте өткен Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінде болды. Карлсен бұған дейін блицте үш партияда жеңіске жетіп, біреуінде тең түссе, рапидтегі екі кездесуде де басымдық танытқан. Осылайша, норвегиялық шахматшы матчтың жалпы есебінде 11,5:0,5 нәтижесімен мерзімінен бұрын жеңіске жеткен.
Алайда 8 ұпай сарапқа салынған соңғы партияға Карлсен келмеді. Бибісара Асаубаева қарсыласын шахмат тақтасы алдында 15 минуттан астам күтті. Кейін турнирдің бас төрешісі Анастасия Сорокинамен сөйлескен Карлсен ойын алаңынан кетіп қалған. Нәтижесінде оған техникалық жеңіліс тіркеліп, қазақстандық шахматшыға 8 ұпай берілді. Күн қорытындысында есеп 11,5:8,5 болып аяқталды.
Карлсен бұл шешімін партия нәтижесі жалпы жеңісіне әсер етпейтіндіктен, оны өткізуді мағынасыз деп санайтынымен түсіндірді. Ал америкалық гроссмейстер Ханс Ниман норвегиялық шахматшының әрекетін қарсыласына және ұйымдастырушыларға деген құрметсіздік деп бағалады.
Турнирдің бас төрешісі Анастасия Сорокинаның айтуынша, мұндай жағдайда ойыншыға партиядағы техникалық жеңілістен өзге қосымша жаза қарастырылмаған. Айта кетейік, Магнус Карлсен 2011 жылдан бері ФИДЕ-нің ресми рейтингінде әлемнің үздік шахматшысы мәртебесін сақтап келеді. 2026 жылғы қарашадағы рейтингте оның еншісінде 2823 ұпай бар. Алайда Будапешттегі турнирден кейін норвегиялық спортшының рейтингтік көрсеткіші төмендеп, тірі рейтингте шамамен 2801 ұпайға түскені хабарланды.
