Қазақстанда өзге адамның фотосуретін келісімінсіз жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Бұл норма Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасында қарастырылған.
Ұсынысқа сәйкес, адамның фотосуретін оның келісімінсіз онлайн-платформаларда жариялаған жеке тұлғаларға 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Ал заң талаптарын бұзған ұйымдарға 60-тан 200 АЕК-ке дейін, яғни 259 500 теңгеден 865 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.
Бұдан бөлек, 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттардың иелері туралы мәліметтерді ұсынбағаны үшін онлайн-платформа иелеріне жауапкершілік жүктеу ұсынылады.
Мұндай талапты алғаш рет бұзған жағдайда ескерту немесе 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салу көзделген. Ал заңбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 40 АЕК-ке (173 000 теңге) дейін жетуі мүмкін.
