Құрманбек Жұмағали Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ол бұл қызметке дейін «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы болған.
Құрманбек Жұмағали Жұмағалиұлы 1985 жылғы 27 тамызда дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында редактор-жүргізуші болып бастаған. 2007–2013 жылдары «Қазақстан» РТРК-ның Ақпараттық бағдарламалар дирекциясында продюсер, сондай-ақ «Хабар» агенттігінде қорытынды жаңалықтардың жүргізушісі қызметін атқарған.
2013–2014 жылдары Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы және облыс әкімінің кеңесшісі болған. Кейін «Қазақстан» РТРК-ның Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясын басқарған, «Сенбілік кездесу» ток-шоуын жүргізген. Сонымен қатар аймақтық дамыту бағытында да жұмыс істеген.
2017 жылы «Алматы» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2017–2018 жылдары Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасын басқарды.
2018–2019 жылдары «Қазақ радиолары» ЖШС директоры, 2019 жылы «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды.
2019–2021 жылдары «Астана» телеарнасының бас директоры, 2021–2023 жылдары «31 арна» медиахолдингінің бас директоры қызметін атқарды.
2023 жылғы шілдеде «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған. Бұл қызметте ол ұлттық кино жобаларын қолдау және отандық киноиндустрияны дамыту бағытында жұмыс істеді.
Осылайша, Құрманбек Жұмағали жаңа қызметке бұқаралық ақпарат құралдары, телеменеджмент және мемлекеттік басқару салаларындағы тәжірибесімен келіп отыр.
