Құрылтайдың жалпы отырысында онлайн-платформалар мен масс-медиа саласына қатысты екі заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжаттарды Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Заң жобалары онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтіп, заңға қайшы контенттің таралуын шектеуді көздейді. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған балаларға онлайн-платформаларда тіркелуге тыйым салу ұсынылды. Бұл талап балалардың жасын тексеруге міндеттелетін платформа иелеріне де қатысты болады.
Министрдің айтуынша, бұл шектеу ата-аналармен, мұғалімдермен және басқа адамдармен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізу іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады,- деді ол.
