Астанада «Оқитын ұлт» республикалық марафонына 126 926 тұрғын қосылды. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер және түрлі сала өкілі бар. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Қатысушылар оқыған кітаптары туралы 93 768 пікір қалдырған. Оның барлығы модерациядан сәтті өтіп, оқырмандарға тиісті ұпай берілген.
Марафонға ең көп қатысқан бағыт-«Оқитын мектеп». Бұған 50 566 оқушы тіркеліп, 37 751 пікір қалдырған. Ал «Оқитын университет» бағытына 21 640 студент қатысып, 7 475 пікір жазған. Колледждерден 20 632 адам қосылып, 20 566 кітап оқыған.
Сонымен қатар жобаға 10 447 педагог қатысып, 17 593 пікір қалдырған. Оның 17 045-і модерациядан өткен. Марафонның мақсаты-кітап оқуды насихаттау, отандық және әлем әдебиетіне қызығушылықты арттыру, тұрғындар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру болып отыр.
Оқырман кезеңі 2027 жылғы 9 наурызға дейін жалғасады. Одан кейін қатысушылар тестілеу мен зияткерлік квиздерден өтеді. Қорытындысында республикалық деңгейде жылдың үздік 10 оқырманы анықталмақ.
