Солтүстік Атлантикалық альянс (НАТО) Албанияда 2027 жылы өтуі жоспарланған саммитті 2028 жылға ауыстырды. Бұл туралы Албанияның премьер-министрі Эди Рама мәлімдеді.Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Альянс көшбасшыларының Тирана қаласында өтетін кездесуі кейінге шегеріліп, шамамен 2028 жылға жоспарланған. НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте де саммит өткізу тәртібіне өзгеріс енгізілгенін растады. Енді мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін ауқымды кездесулер алдын ала бекітілген кестеге сәйкес емес, маңызды шешімдер қабылдау қажеттілігіне қарай ұйымдастырылмақ.
Саммиттер санын қысқарту туралы шешімге мұндай шараларды өткізудің қомақты қаржы талап етуі де әсер еткен. Мәселен, 2025 жылы Нидерландта өткен НАТО саммитін ұйымдастыруға шамамен 100 миллион доллар жұмсалған.
Бұған қоса, альянсқа мүше елдер арасында қорғаныс шығындарына қатысты келіспеушіліктер де шешімге ықпал еткен. Сарапшылардың пікірінше, қазір жаңа саммит өткізудің қажеттілігі жоқ. Себебі альянс мүшелері қауіпсіздікті нығайту мен әскери бюджетке қатысты негізгі жоспарларды бекітіп қойған.
