Бүгін, яғни 26 қарашада елімізде де Дүниежүзілік ақпарат күні атап өтіледі,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл атаулы күн 1992 жылы дәл осы күні өткен Ақпараттандырудың алғашқы халықаралық форумының құрметіне белгіленген. Ал 1994 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен және ЮНЕСКО-ның тіркеуімен халықаралық мәртебеге ие болды.
Бүгінде ақпарат күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Таңертең көзімізді ашқан сәттен бастап телефондағы жаңалықтарды шолып, жолда түрлі хабарламалармен танысамыз. Күнделікті тіршілікте елде және әлемде болып жатқан оқиғаларды талқылап, әлеуметтік желілердегі ақпараттармен бөлісеміз.
Дегенмен ақпарат ағыны көбейген сайын шынайы мәліметті жалған хабарламалардан ажырату да қиындай түсті. Сондықтан бұл күннің басты мақсатының бірі -қоғамда ақпараттық сауаттылықты арттыру, сыни ойлау мәдениетін қалыптастыру және әрбір азаматтың сенімді ақпарат алу құқығын насихаттау болып отыр.
Сонымен қатар Дүниежүзілік ақпарат күні ақпараттық гигиенаны сақтаудың маңызын да еске салады. Ақпараттың шамадан тыс көптігі жағдайында қажетсіз мәліметтерден қорғана білу, ақпарат тұтыну мәдениетін қалыптастыру және психологиялық саулыққа көңіл бөлу өзекті мәселеге айналып отыр.
Бұл дата журналистердің, IT мамандарының, ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау саласы қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлін де айқындайды. Өйткені сапалы әрі шынайы ақпарат -қоғамның дұрыс шешім қабылдауына негіз болатын маңызды құрал.
Сондықтан кез келген жаңалыққа сыни көзқараспен қарап, оның дереккөзін тексеру және шынайылығына көз жеткізу маңызды. Ақпараттан хабардар болу — барлық жаңалықты білу ғана емес, ең бастысы, маңызды мәліметті ажыратып, сенімді дерекке сүйене білу.
