Көзіне ота жасатамын деп ажал құшқан ананың қызы әділдік іздеп жүр

Астана тұрғыны Ақерке Акимханова бір жылдан аса уақыттан бері анасының өліміне кінәлі болуы мүмкін медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тартуды талап етіп келеді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Алайда оның айтуынша  істің әділ тергелуіне қол жеткізу былай тұрсын, жауапты дәрігерлерден толыққанды жауап алу да мүмкін болмай тұрған көрінеді.

Былтыр 31 қазанда Астанадағы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жоспарлы ота жасатуға барған 47 жастағы Аида Оспанова сол күні кешке көз жұмады. Марқұмның қызы Ақерке анасы бұған дейін жүрек-қантамыр ауруларымен диспансерлік есепте тұрмағанын, жүрегіне қатысты ешқандай шағым айтпағанын және операцияға дейін барлық қажетті тексерулерден өткенін айтып отыр. Оның қолындағы медициналық құжаттар мен жауап алу хаттамаларына сүйенсек, былтыр маусымда анасының оң көзінің көруі нашарлап, дәрігерге қаралған. Сөйтіп тамызда өзі тіркелген «Салауатты Астана» емханасы арқылы қажетті тексерулерден өтіп, көз аурулары институтына жолдама алады. Ал 23 қазандағы ЭКГ қорытындысында анасының жүрек ырғағы қалыпты деп көрсетілген. Стационарға жатқызылған кезде де терапевт жалпы жағдайын қанағаттанарлық деп бағалапты. Зертханалық талдаулары да осыны берген. Марқұм дәрігерлердің барлық нұсқауын орындаған. Тіпті осы күнге дейін ол салауатты өмір салтын ұстанып, тауға шығып, жүзумен айналысқанда да ентігу немесе жүрекке қатысты шағымдары болмапты.

Ақеркенің айтуынша, кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексеру актісінде «Салауатты Астана» емханасында марқұмның жасына сәйкес профилактикалық скринингтер толық жүргізілмегені, атап айтқанда, қандағы төмен тығыздықты липопротеидтер, триглицеридтер мен гликозилденген гемоглобин көрсеткіштері тексерілмегені анықталған.

Бастапқыда 28 қазанға жоспарланған операция 31 қазанға ауыстырылған. Сол күні марқұм ота жасату үшін ауруханаға автобуспен өзі барған. Телефон арқылы сөйлескенде де өзін жақсы сезініп тұрғанын, операциялар кезекпен жасалып жатқанын және оны сағат 14:00 шамасында алатынын хабарлаған. Отаға бір сағат қалғанда дәрігерлер бұрын анықталмаған катарактаның да бар екенін айтып, оны тор қабығының жыртылуымен бірге емдеуді ұсынады. Сол күні кешке анестезиолог анасының жүрегі тоқтағанын айтып, №3 көпбейінді қалалық ауруханаға шұғыл келуін сұрапты. Алайда ауруханаға жеткенімен, оларды шамамен 20 минут бойы ішке кіргізбеген. Анасының қайда екенін, жағдайының қандай екенін де ешкім түсіндірмеген. Сағат 18:00 шамасында полиция қызметкері анасының денесі мәйітханаға жіберілгенін хабарлайды.

Операцияға қатысқан дәрігерлер марқұмның жақындарына ота соңында науқастың тыныс алуы қиындап, тыныс жолдарында асқыну басталғанын жеткізген. Институтта реанимациялық бұрыш пен арнайы реанимациялық жабдық болмаған.

Ақеркенің сөзінше, анасына көрсетілген бейнебақылау жазбасында анестезиолог, хирург және бөлім меңгерушісінің қозғалыссыз жатқан науқасты зембілге салып, жедел жәрдем көлігіне апара жатқаны көрінеді. Жазбада науқастың бетінде оттегі маскасынан өзге арнайы реанимациялық құрылғы да байқалмаған. Оқиғадан кейін марқұмның қызы медициналық құжаттар мен тексеру актілерін салыстырған. Мұнда бір-біріне сәйкес келмейтін уақыттар мен қарама-қайшы мәліметтер көп болып шығады.

Айтуынша, анасының өліміне қатысты медициналық құжаттарда ота уақыты мен диагнозда да қайшылық көп. Марқұмға жасалған ота уақыты үш түрлі көрсетілген. Жүрек тоқтаған уақыт та әртүрлі. Құжаттарда жедел жәрдем бригадаларының келу уақыты мен науқасты ауруханаға жеткізу деректері де сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, бригада түсініктемесінде аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі дәрігерлерге көмек көрсетуге тыйым салғаны туралы мәлімет бар.

Өлім себебіне қатысты диагноздар да бірізді емес. КазНИИ дәрігері алғашқы жедел жәрдем шақыруында өкпе артериясының тромбоэмболиясына күдік келтірсе, жедел жәрдем мамандары анафилаксиялық шок диагнозын қойған. Алайда Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің актісінде бұл диагноздың толық дәлелденбегені, аллергеннің көрсетілмегені және кортикостероид енгізілгені туралы жазбаның жоқтығы анықталған. Реанимация кезінде де бір құжатта асистолия, екіншісінде қарыншалық фибрилляция көрсетіліп, қайтымды себептерді анықтау шаралары толық құжатталмаған. Науқастың өте ауыр жағдайына қарамастан, оны басқа ауруханаға тасымалдау шешімінің негіздемесі мен жолдағы реанимациялық шаралар да толық көрсетілмепті. Сөйтіп былтыр 29 қарашада аяқталған сот-медициналық сараптамада өлім себебі екіншілік кардиомиопатия аясындағы жедел жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі деп көрсетілген. Алайда тәуелсіз сарапшылардың тұжырымдары да әртүрлі. Бірі жүрек бұлшықетінде бұрыннан өзгерістер болғанын алға тартса, кардиолог жүрек өлімге анафилаксиялық шоктан туындаған жедел жүрек-қантамыр және тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болған деген қорытынды жасаған.

Анасының қазасынан кейін Ақеркенің мойнына отбасындағы өзге де ауыртпалықтар түскен. Оның айтуынша, анасы қайтыс болған соң үш жастағы аутизмі бар інісінің жағдайы күрт нашарлап, қарындасы күйзелістен өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Әкесі баладан нотариалдық түрде және сот арқылы бас тартқаннан кейін, інісін өз қамқорлығына алып, асырап алған. Осындай отбасындағы ауыр жағдаймен жүргенде, Ақерке үшін шындықты іздеу одан да ауыр тиіп отыр. Айтуынша, полицияға алғаш арыз бергенде мәселені «Құдайдың бұйырғаны» дегендей түсіндіріп, шығарып салған. Ал желтоқсанда қылмыстық іс мүлдем тоқтаған.

Сол үшін жақындары адвокаттың көмегіне жүгінген. Қорғаушы істің заңсыз тоқтағанына қатысты шағым түсіргеннен кейін қылмыстық іс қайта жанданған. Оның өзінде қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін ғана мүмкін болған. Осы уақытта үш рет тергеуші ауысқанымен, бір жарым жылдан бері жөні түзу жауап жоқ. Дәрігерлерден де жауап алынбаған. Тіпті, анасына операция жасаған хирург қазір «Астана Vision» клиникасына ауысып үлгеріпті.

Ол бұған дейін КазНИИ-ға тәуелсіз сарапшылар комиссиясын құру және сараптама жүргізу туралы өтініш берген. Осыған байланысты күні кеше конференция ұйымдастырылғанымен, оған анасына медициналық көмек көрсеткен мамандардың барлығы қатыспаған. Тек анестезиолог қана келген. Ал комиссиялық сот-медициналық сараптамаға қатысты мәселе әлі де созылып жатқанын, оны тағайындау мен тиісті материалдарды жолдау жұмыстары уақытында жүргізілмегенін жеткізді.

Денсаулық сақтау министрлігі мен Астана прокуратурасына да бірнеше рет өтініш жолдадым. Әзірге олардан да толық жауап жоқ. Қазір үшінші тергеуші ауысты. Бірақ іс аясында жаңа сот-медициналық сараптама жүргізілмеді. Тергеушілер мені ғана тек жауап алу үшін шақырды. Іс материалдарымен толық таныстыру жұмыстары болмады. Медициналық мекемелерден, соның ішінде №3 көпбейінді қалалық аурухана мен КазНИИ-дан құжаттарды, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексеру актілерін өз күшіммен жинауға мәжбүр болып жатырмын,- дейді Ақерке.

Біз өз тарапымыздан осы істі жүргізіп отырған Астана қаласы Сарыарқа аудандық Полиция бөлімшесінің тергеушісі Анель Хамзинаның уәжін білгіміз келген еді. Бірақ, ол кісіден сауалдарға жауап алу мүмкін болмады.

Ақерке анасының өліміне кінәлілерді Қылмыстық кодекстің 317-бабымен жауаппен тартқызуды көздеп отыр. Алайда дәл осы баппен медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тартқызу мұң.  Мұны елдегі заңгерлердің өзі мойындайды. Мысалы, Бас прокуратураның соңғы екі жылдағы ресми деректеріне сүйенсек, медициналық салаға қатысты шағымдар мен арыздардың басым бөлігі қараусыз қалған.

Былтыр медициналық салаға қатысты 5826 арыз бен хабарлама түссе, соның 4363-і қараусыз қалыпты. Тек 289 өтінішпен қылмыстық іс қозғалған. Ал тікелей 317-баппен өндірісте болған  215 қылмыстық істің тек 16-сы сотқа жолданған. Мұның сыртында 82 істе сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу мерзімдері созылып кеткен. Биылғы тоғыз айдың көрсеткіші де осы үрдісті қайталайды. Түскен 4274 арыздың 3404-і қараусыз қалдырылса, небәрі 239 іс тіркелген. Ал 317-баппен өндірісте болған 198 қылмыстық істің тек 9-ы ғана сотқа жеткен. 163 іс қылмыс құрамының болмауына немесе бітімгершілікке байланысты тоқтатылған. Сондай-ақ 80 істе сараптамалар әлі жүргізіліп жатқан болса, 6 істе тергеп-тексеру мерзімдері өтіп кеткен. Тағы 3 іс ашылмай, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.

Адвокат Айман Омарова медициналық қателіктерге қатысты істердің сотқа жетпей жабылуын «жүйелі мәселе» деп санайды. Оның айтуынша, өз тәжірибесінде медициналық қателіктерге байланысты істердің бірде-біреуі сотқа дейін жетпеген.

Тергеу органдары қажетті құжаттар мен дәлелдерді дер кезінде жинамай, істі созбалаңға салады. Осы уақыт ішінде медициналық мекемелер құжаттарын өзгертіп, өздеріне қолайлы етіп реттеуге үлгеруі мүмкін. Ал сот-медициналық сараптамаларда дәрігерлер арасындағы корпоративтік ынтымақтастық салдарынан әріптестерінің әрекетін ақтау оңайға түседі. Нәтижесінде істер ескіру мерзімінің өтуіне немесе қылмыс құрамының анықталмауына байланысты тоқтатылады,-дейді белгілі адвокат.

Ол сонымен қатар, кейбір жағдайларда компьютерлік томография дискілері медициналық құжаттарға тіркелмей, тиісті деңгейде зерттелмейтігін де атап өтті.

Ал заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызы дәрігерлердің жауапкершілігіне қатысты басты мәселе заңдардың жоқтығында емес, олардың іс жүзінде әділ қолданылуында екенін айтады.

Қылмыстық кодекстің 317-бабы медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты жауапкершілікті көздейді. Бірақ медициналық көмектің сәтсіз аяқталуы дәрігердің кінәсін автоматты түрде білдірмейді. Қылмыстық жауапкершілік үшін кәсіби міндеттің бұзылғаны, зиянды салдар және олардың арасындағы себептік байланыс дәлелденуі керек. Бұл ретте кадр тапшылығы, жабдықтардың жеткіліксіздігі мен медициналық ұйымның кемшіліктері де ескерілуге тиіс,-дейді заңгер.

Оның айтуынша, медициналық дауларды әділ шешудің негізгі шарттарының бірі – тәуелсіз сараптама. Сондықтан заңгер дәрігерлердің құқығын қорғау пациенттердің шағымдану мүмкіндігін шектеу арқылы жүзеге аспауға тиіс екенін жеткізді.

Ең бастысы, медициналық дауларды қарау кезінде екі тараптың да құқығы сақталып, шешім нақты дәлелдерге сүйене отырып қабылдануы қажет.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика