Алматылық студенттер болашақ автомеханиктерге көлік құрылымын виртуалды ортада зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті білім беру платформасын әзірледі,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Алматы көпсалалы колледжінің 2-курс студенттері Сұлтан Жұмаев пен Никита Шеенко жасанды интеллект технологиясының көмегімен AUTO.AI атты интерактивті платформаны жасап шығарған.
«Орбиталық гараж» деп аталатын виртуалды орта білім алушыларға нақты автокөлікке қол тигізбей-ақ, оның құрылысын бөлшектеп зерттеуге мүмкіндік береді. Платформа арқылы студенттер қозғалтқыш пен беріліс қорабының құрылысын меңгеріп, жекелеген механизмдердің жұмыс істеу үдерісін бақылай алады. Сонымен қатар автокөлік жүйелерін сынақтан өткізіп, түрлі ақауларды анықтау бойынша тәжірибе жинақтайды.
AUTO.AI платформасында автокөліктердің үш өлшемді модельдері, практикалық тапсырмалар мен білімді тексеруге арналған тесттер біріктірілген. Оқу бағдарламасы алты қысқа сабақтан тұрады. Бұл күрделі техникалық тақырыптарды кезең-кезеңімен меңгеріп, алған білімді бекітуге мүмкіндік береді.
Жоба колледждің өндірістік оқыту шебері Сауле Китуеваның жетекшілігімен жүзеге асырылған.Қазір жаңа платформа оқу үдерісіне енгізіліп жатыр. Білім беру құралы қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
