Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің үшінші форумында диқандар мен фермерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, биылғы мол өнім үшін алғыс білдірді,—деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы -ел экономикасындағы стратегиялық маңызы бар саланың бірі. Биыл қолайсыз ауа райына қарамастан, күзгі орақ науқаны кезінде Қазақстанда 24,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы дақылы жиналған.
«Мол өнім — әр шаңырақтың берекесі мен әр дастарқанның ырысы. Еңбегімен ел ырысын еселеп жүрген диқандар мен ауыл шаруашылығы саласының барлық қызметкеріне ризашылығымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы форум барысында су ресурстарын үнемдеу, жайылымдарды тиімді пайдалану және ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелеріне қатысты ұсыныстар айтылғанын атап өтті.
