Қазақстанда жеті жылда 1342 жаңа мектеп салынды

Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1342 мектеп салынды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы

Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны бес есе, апатты мектептер екі есе, ал оқушы орындарының тапшылығы төрт есе қысқарды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.

Мектеп инфрақұрылымын жаңарту аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды. Жоба шеңберінде 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Жаңа мектептер заманауи зертханалармен, STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы кабинеттер, лифтілер мен пандустар қарастырылған.

Ұлттық жобаның нәтижесінде үш ауысымды 54 мектеп пен 12 апатты мектептің мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі орын тапшылығы азайған.

Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Қазіргі уақытта оның 83-і пайдалануға берілген. Қалған жеті нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика