Астана – Атырау бағытына жаңа Stadler вагондары қатынайды

Астана мен Атырау қалалары арасындағы теміржол қатынасында жаңа Stadler вагондары пайдалануға беріледі деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық сараптамалық порталы

Отандық өндірістен шыққан вагондар №47/48 “Нұрлы жол – Атырау” пойызының құрамына қосылады.

“Жолаушылар тасымалы” АҚ мәліметінше, жаңартылған пойыз алғашқы рейсіне 2026 жылғы 23 қарашада Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалынан аттанады. Пойыз күнара қатынайды. Ал Атыраудан кері бағыттағы алғашқы рейс 25 қарашаға жоспарланған.

Пойыз құрамында барлығы 9 жолаушылар вагоны болады. Оның ішінде купе вагондары 40, ал плацкарт вагондары 56 орынға арналған.

Жаңа вагондар климатты реттеу жүйесімен, жеке жарықтандыру шамдарымен, 220 В розеткаларымен, бейнебақылау жүйесімен және жүк орналастыруға арналған орындармен жабдықталған. Сонымен қатар жолаушыларға арналған буфет қарастырылған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сапарға шығуына да жағдай жасалған.

Бұдан бөлек, пойызда әйелдерге арналған арнайы вагон қызметі сақталады. Ол құрамдағы №4 вагонға орналастырылады. Бұл вагонға билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады. Алайда 7 жасқа дейінгі ұл балалардың бірге жүруіне рұқсат етілген.

Жаңа вагондарды іске қосу жолаушылар пойызы паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары аясында жүзеге асырылып отыр. Басты мақсат қызмет көрсету сапасын арттырып, жолаушыларға сапар барысында қолайлы жағдай жасау.

№47/48 «Нұрлы жол – Атырау» пойызына билеттерді bilet.railways.kz сайты және теміржол вокзалдарындағы кассалар арқылы сатып алуға болады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика