ҚазҰУ-да аз уақыт ішінде екі студенттің қайтыс болуы жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Бұл оқиғалар студенттер арасындағы қарым-қатынас, жатақханадағы тәртіп, психологиялық қысым және университет әкімшілігінің жауапкершілігі туралы маңызды сұрақтар туындатты. Осы орайда мамандардың пікірін біліп, сараптама жасаған едік деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Қараша айында ҚазҰУ-де екі қайғылы жағдай тіркелді. Олардың бірі – журналистика факультетінің бірінші курс студентінің, екіншісі – география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің өлімі. Екінші оқиға бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстағаны хабарланды.
Оқиғалардан кейін университеттің бірқатар басшысы қызметінен босатылып, кезекшілікте болған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу орнында тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
Дегенмен қоғам үшін ең маңыздысы – кінәлілерді анықтау ғана емес, осындай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін жүйені қалыптастыру.
Әлімжеттік — студенттер арасындағы жасырын иерархия
Жоғары оқу орнына түсу түлектердің өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Көпшілігі туған қаласынан кетіп, жатақханаға орналасады, жаңа ортаға бейімделеді, өз бетінше өмір сүруге үйренеді. Осындай кезеңде студенттер үшін әлеуметтік және психологиялық қолдау аса маңызды.
Алайда кейбір оқу орындарында студенттер арасында бейресми иерархия қалыптасуы мүмкін. Мәселен, жоғары курс студенттерінің бірінші курс студенттеріне үстемдік жүргізуі, оларды қорқытуы, кемсітуі немесе түрлі тапсырмаларды орындатуы кездеседі.
Мұндай әрекеттер кейде “дәстүр”, “тәртіпке үйрету” немесе “студенттік өмірдің бір бөлігі” ретінде түсіндіріледі. Бірақ адамның ар-намысына тиетін, еркін шектейтін, қорқытып-үркітетін кез келген әрекет қалыпты құбылыс ретінде қабылданбауы керек.
Бұндай қайғылы оқиғалардың жиілеуі қоғамдағы қандай әлеуметтік мәселелерді көрсетеді? Психолог Серікгүл Салидің пікірін білген едік.
Оның айтуынша, бірінші кезекте, мектеп жасындағы балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару керек.
Мінез-құлқында ауытқуы бар, жауапкершілік сезімі төмен, тәрбиесі күрделі балалар кездеседі. Осындай балалармен жүргізілетін жұмыстардың жаңа заманға сай тиімді тетіктері әлі де жеткіліксіз. Бұрын тәртіп бұзған баланы жазалау тәсілдері болса, қазір күш қолдануға болмайды. Бірақ жазаның орнына тәрбиелік мәні бар басқа тәсілдер болуы керек. Мысалы, еңбегі арқылы, белгілі бір міндеттер жүктеу баланың өз әрекеті үшін жауапкершілік сезінуіне ықпал ету қажет. Мектеп кезінен бастап балаларды қоғамдық жұмыстарға араластыру, мінез-құлқындағы кемшіліктердің басқа адамдарға зиян келтіруі мүмкін екенін түсіндіру маңызды. Өкінішке қарай, бізде жауапкершілікке деген көзқарас қалыптаспаған, осы бағытта жүйелі жұмыс та жеткіліксіз. Сондықтан мектептегі жауапсыздық жасөспірімдік кезеңде одан әрі күшейе түседі. Яғни баланы заң алдындағы жауапкершілікке, тәртіп сақтауға, басқа адамдарға зиян келтірмей өмір сүруге бейімдеу мәселесі ақсап тұр, — дейді ол.
Психологтың пікірінше, тәрбие барысында баланың бойында жанашырлық, аяушылық сезімдерін қалыптастыру қажет. Айналасына жанашырлық танытатын, адамдарды аялай білетін, мейірім мен махаббат сезімі бар адам қатыгездікке бармайды.
Университеттерде студенттердің мәселесін ерте анықтайтын әлеуметтік мониторинг жүйесі болуы керек пе? деген сұрағымызға былай жауап берді.
Болуы керек. Көптеген мәселені алдын ала анықтауға болады. Бірақ менің ойымша, біздегі мәселе – әлеуметтік мониторинг арқылы проблеманы анықтадық делік. Алайда табылған проблемамен ары қарай қалай жұмыс істеу керек? Бізде осы жағы жетіспейді, қамтылмаған. Бізде барлық нәрсе шалағай жасалады. Мәселені анықтап тапқанымызбен, онымен жүйелі түрде, мүмкін кешенді түрде жұмыс істеу бағыттары жоқ. Мамандар жеткіліксіз. Осындай олқылықтар көп,-дейді психолог.
Оның айтуынша, көп дүниені алдын ала анықтауға болады.
Бздің санымыз да көп емес. Жастардың саны да көп емес. Көп мәселенің алдын алуға мүмкіндік бар. Бірақ оған көз жұма қарайтын ересек адамдар өз әрекеттерімен жағдайды ушықтырады, — дейді маман.
Ал өз пікірін әлеуметтік желіде жариялаған Нұрзада Бейсен оқытушы ретінде үнсіз қалу қиын екенін жеткізді.
ҚазҰУ төңірегіндегі соңғы оқиғалар мен қоғамдық талқылауларды бақылап отырып, ұстаз, ғалым ретінде өз ойымды білдіруді жөн көрдім. Кез келген қайғылы жағдай қоғамның назарын аударуы заңды. Және де мұндай оқиғадан ешкім де сақтандырылмаған. Адам өмірі мен қауіпсіздігі – ең басты құндылық. Сондықтан орын алған оқиға жан-жақты зерттеліп, барлық сұрақтарға заң аясында жауап берілуі қажет,-дейді ол.
Оқытушының пікірінше, эмоцияға беріліп, фактілер анықталмай тұрып кесімді пікір айту, әлеуметтік желі арқылы біржақты айыптау және тұтас ұжымның беделіне нұқсан келтіру орынсыз.
Университет тек білім беретін мекеме емес. Бұл, ұстаздардың кәсіби өмірі, студенттердің арманы, ғылыми ізденіс пен интеллектуалдық орта қалыптасқан үлкен қауымдастық. Мұнда еңбек ететін әр адамның еңбегі мен абыройы бағалануға тиіс. Қоғамның сыны мен сұрағы болуы қалыпты. Бірақ сын дәлелге сүйеніп, пікір жауапкершілікпен айтылғанда ғана конструктивті болады. Қайғылы оқиғаларды сенсацияға айналдыру, асығыс қорытынды жасау ешбір мәселені шешпейді.
Бізге қазір өзара құрмет, сабыр, кәсіби әдеп және шындыққа ұмтылу қажет. Қордаланып қалған мәселелерді, бірігіп шешуіміз керек. Әділдік эмоциямен емес, фактілермен орнатылуы керек,- дейді ол.
ҚазҰУ-дағы қайғылы оқиғалар осы міндеттердің қаншалықты орындалып жатқанын қайта қарауға себеп болды. Ендігі мәселе – тексеру нәтижесін жариялау ғана емес, анықталған олқылықтарды жою және басқа жоғары оқу орындарында да алдын алу шараларын күшейту.
Өйткені университеттегі қауіпсіздік тек күзет пен бейнебақылаудан тұрмайды. Ол – студенттің өзін қорғалған сезінуі, қысым көрген жағдайда көмек ала білуі және оның шағымы назардан тыс қалмайтынына сенуі.
